Құлсарыда ерекше мұз айдыны ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсарыда ерекше мұз айдыны ашылды

28.01.2023

Атыраудағы моноқала Құлсарыда ерекше мұз айдыны ашылды. Америкалық технологияға негізделген тың жобаның авторы қала тұрғыны Аманжан Құсайынов. Кәдімгі пластиктен жасалған мұз айдыны коньки тебуді енді үйреніп жүрген ауыл балалары үшін өте қолайлы болып тұр.

Ағайынды Дарын мен Дәрменнің қуанышында шек жоқ. Сабақтан босай сала екеуі де мұз айдынына асығады. Бұрын сырғанауды білмейтін еді. Қазір әжептәуір үйреніп қалды. Келіп жүргендеріне бір айға жуықтады.

Дәрмен Сәбит, оқушы:

Коньки тепкен маған ұнайды. Сырғанаған ұнайды. Маған қиын болған жоқ. Күшті болып жатыр.

Дарын Сәбит, оқушы:

Мында келіп үйреніп жүрмін. Жазда да келуге болады.

Мұз айдынының аумағы - 300 шаршы метр. Бір мезетте 30 шақты бала емін-еркін сырғанай алады. Жалпы, ойын алаңы қыста жылы, жазда салқын. Қауіпсіздік - бірінші орында. Мәнерлеп сырғанауға, керлинг немесе хоккей ойнап үйренуге де ыңғайлы.

Аман Таубаев, Жылыой ауданының тұрғыны:

Құлсарыда ауа райы деген өте қиын. Қар аз болады. Күн өте қара суық. Жазда да қыста да мынаның пайдасы зор. Кез келген уақытта балаларды әкеліп ойнатып, үйретіп, спортқа. Жақсы адам ретінде шығаруға болады.

Климаты құрғақ өңірде өмірге келген Аманжан ауыл балаларына қыс мезгілінің қызықтарын көрсетуді мақсат еткен. Топырағы бұрқырап жатқан тақыр жерге пластиктен жасалған мұз төсеген. Бұл әдіс Америкада кеңінен қолданылады.

Аманжан Құсайынов, Құлсары қаласының тұрғыны:

Бұл балаларға жақсы. Неге? Бұл қатты емес құлағанда, мұзға құлаған тасқа құлағанмен бірдей. Балаларға жұмсақ. Үйренетін, білмейтін балаларға жақсы. Сосын Италиядан арнайы конькилерімізді алып келдік. Оңай киіледі. Тобықтың шығып кетпеуіне, жалпы қауіпсіздікке жақсы. 

Аманжан жасанды қарды да кәдеге жаратып, сырғанақ жасап қойған. Іскер азамат алдағы уақытта ойын алаңының аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу