Туған өлкенің табиғатын таспалаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Туған өлкенің табиғатын таспалаған

28.01.2023

Дәнекерлеуші – еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие бірден-бір мамандық. Аталған кәсіп иелері әсіресе құрылыс пен өндіріс саласында тапшы. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі жастардың жұмысшы мамандықтарына қызықпауы кадр жетіспеушілігін тудырып отыр. Ал қызылжарлық Байболат Бижігіт керісінше, осы кәсібінің арқасында нәпақа тауып қана қоймай, сіз бен біздің жайлы өмір сүруіміз үшін тер төгіп жүр.

Байбол Бижігіт, дәнекерлеуші:

Жол жүргенде, бір демалыс орнында кетіп бара жатқанда біз трансформаторды көреміз, өзіміздің трансформаторды танимыз. Мақтан тұтып, бала-шағамызға айтамыз «мынаны әкең істеді» деп. Олар «опа» деп жаңағындай қарап отырады.

Байболат Бижігіт – трансформатор шығаратын зауытта еңбек етеді. Ол болаттан электр қондырғылардың қаңқасын жасайды. Дәнекерлеушінің қолынан шыққан өнім тұрғын үй, әлеуметтік мекемелер, ірі кәсіпорындар – бір сөзбен айтқанда барлық жерде қолданылады. Осы салада 20 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан хас шебер білгенін өзгелерге үйретуден жалықпайды.

Асқарбек Жарқынбеков, дәнекерлеуші:

Стажы бар, жақсы дәнекерлеуші, әдемі. Үйрету қабілеті керемет. Жақсы жігіт қой. Жақсы үйретіп, нанымызды тауып жүрміз ғой.

Байболат – жоғары білімді энергетик. Дәнекерлеу жанына жақын, сондықтан жұмысы сүйікті ісіне айналған.

Ал, Талғат Тәнібаев үшін туған жердің табиғатын таспаға түсіру-ең таңдаулы кәсіп. Асқар тау, айындынды көл, жайқалған егін – ешқайсысы оның объектівінен тыс қалған емес. Теріскейдің тұмса табиғатын жергілікті газет арқылы жұртқа танытып жүр.

Редакцияда газеттің кезекті саны жоспарлануда. Оқырманның назарын аудару үшін алғашқы беттегі сурет сәтті болуы шарт. Талғат Тәнібаев 17 жылдан бері облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде еңбек етіп жүр.

Талғат Тәнібаев, фототілші:

Суретті жақсы түсіру үшін, тек қана мықты фотоаппарат қажет емес, адамның өз көзқарасы болуы керек. Бір сәт болу керек. Дұрыс ракурс таңдау керек. Сондай бір моменттер болады.

Талғаттың еңбектері републикалық, халықаралық басылымдарда жарыққа шығып жүр. Пейзаж, портрет, репортаж, натюрморт... Мұрағатынан кез келген жанрдағы фотосурет табылады.

Эльмира Кәленова, тілші:

Фотограф – өмірдің қас-қағым сәтін таспаға басып, тарихта қалдыратын мамандық иесі.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу