Маңғыстау облысында үшем дүниеге келді. Барлығы қыз бала. Оларға Әлина, Әдина және Ясмина есімі берілді.
Нәрестелер жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап тұрақты медициналық бақылауға алынған. Екеуінің салмағы 1 келі 600 грамм болса, үшіншісі 1 келі 850 грамм.
«Ана мен бала» перинаталдық орталығындағы дәрігерлердің айтуынша, қазір ананың да, сәбилердің де жағдайы жақсы. Бұл - биыл Маңғыстау облысында дүниеге келген алғашқы үшем.
24 жастағы Гүлдана Сахи «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасының арқасында құрсақ көтерген. Бағдарлама аясында былтыр өңірге 300-ге жуық квота бөлінген. Соның нәтижесінде, бүгінде 70-ке жуық әйел бала сүйді.
Гүлдана Сахи, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
Біз бірінші егіз деп ойладық. 12 аптаға барған кезде үшем екенін білдік. Әр бала өз несібесімен келеді. Сондықтан да ештеңеден қорықпай, баланы өмірге алып келуін қалаймын өзім қыздардың, қыз-келіншектерге айтарым сол.
Аягөз Оралбайқызы