Алматыда үш күнде 2600 жүргізуші көлігін заңдастыруға өтініш берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда үш күнде 2600 жүргізуші көлігін заңдастыруға өтініш берді

26.01.2023

Алматыда шетелдік көлікті заңдастыру бойынша 2600-ден астам жүргізуші өтініш қалдырған. 3 күн ішінде 150 адам көлігін сәтті заңдастырып, техникалық төлқұжат пен жаңа нөмір алды. Ал 119 жүргізушінің өтініші кері қайтарылып, 500-ге жуық адамдікі қаралып жатыр. Бұл туралы Алматының Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары хабарлады. Қазақстанға өзге елдерден әкелінген көліктерді заңдастыру үшін бұл орталықтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Қуат Отарғалиев, Халыққа қызмет көрсету бойынша мамандандырылған №1 бөлім басшысы:

Шетелдік көлікті заңдастырудың алғашқы күні біздің орталығымызға келіп, 500-ден астам жүргізуші өтініш қалдырды. Қазір де кезек сейілген жоқ. Бәріне уақытылы қызмет көрсетіліп жатыр. Егер көлік тіркеуге алынбаса, Полиция департаменті, кеден қызметінің мамандары жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу