Мәулен Әшімбаев Сенат төрағасы болып сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Сенат төрағасы болып сайланды

26.01.2023

Сенат төрағасы – Мәулен Әшімбаев. Президент ұсынған кандидатураны депутаттар бірауыздан қолдады. Осылайша, Мәулен Сағатханұлы Сенат спикері.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан, оны Сенат Төрағалығына лайықты деп санаймын.

Сонымен қатар, Президент Сенат отырысында еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Алда тағы маңызды сайлау бар. Көктемде халық- Мәжіліс және мәслихат депутаттарын таңдайды. Мемлекет басшысы осы тұрғыда сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек екенін атап өтіп, үміткерлерді қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен, бір нәрсені бәріміз қағида қылып ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес біріктіретін науқан болуы керек. Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізуі мүмкін. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуі тиіс.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу