Мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіп ашуына қолайлы жағдай жасау өзекті мәселе - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіп ашуына қолайлы жағдай жасау өзекті мәселе

25.01.2023

Мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасында мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсету, оларды жұмыспен қамтып, кәсіп ашуына қолайлы жағдай жасау туралы кеңінен қамтылған. Бұл ізгі іс алдағы уақытта одан әрі арта түспек. Себебі ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмірге, еңбекке деген құштарлығы мен сенімі қуатты. 

Динара Наумова сал ауруымен дүниеге келген. Үш жасында өз ата-анасы бас тартып, әжесі бауырына басып, өсірген. Тағдырдың тәлкегі Динараны мұқата алмады. Керісінше қайсарлығын қайрап, жігерін жаныған. Өзі сияқты жандарға көмектесу үшін 2021 жылы президенттік грант ұтып алды. Инклюзивті фитнес орталығын ашты. Қазір мұнда сау адамдар ақылы түрде, ал мүмкіндігі шектеулі жандар тегін оңалту шараларынан өтіп жүр.

Динара Наумова, кәсіпкер:

Осы жобаны толық жүзеге асыру үшін 6 жылым кетті. Бұл үлкен еңбек. Дегенмен егер сенде арман-мақсат болса, соған сенсең, еңбектенсең, бәріне қол жеткізуге болады.

Назерке 9 жаста. Осы орталыққа келіп, маманның нұсқауымен жаттығу жасап, балалармен бірге ойнайды. Ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдер үшін бұл - өз үйіндей жайлы жер.

Бақтыкелді Нұрманов, Қабанбай батыр ауылының тұрғыны:

Бұл балалардың әлемін түсінсеңіз, ондай әлем жоқ. Ерекше әлемдері бар бұл ксілердің. Қараған сайын қиындықтарыңызды ұмытасыз. Алға қарай жүресіз. Үлкен-үлкен стимулдар оянады. Динараны көріп, қызыма деген басқа көзқарастар пайда болды. Алла жазса осы Динара сияқты дамытып, үлкен елдің алдына шықса деймін.

Аягөз Шнайдер талай жыл мемлекеттік қызметте, тіпті басшылық лауазымда еңбек еткен. Бірақ бірнеше жыл бұрын сырқаттанып, мүгедек боп қалған. Жұмыс іздеп, таппаған. Себебі денсаулығына байланысты барлық жер бас тартыпты. Мемлекеттен грант ұтып алған ол тігін цехын ашты. Қазір мұнда 16 адам жұмыс істейді, оның 13-і ерекше қажеттілігі бар адам.

Аягөз Шнайдер, кәсіпкер:

Менде бір жүргізушім бар. ДЦП болса да, жүргізуші болып жұмыс істейді. Ол кісі де айтады отыра алмаймын мен деп. Мысалы міне Айнаш кезінде мұғалім болған. Бұл кісі жұмысқа аларда бір апта хабарласқан. Неге десеңіз, көбі жұмысқа аламыз дейді де, хабарласпай қояды.

Тігін цехынан бөлек, оқыту орталығы да бар екен. Онда мүмкіндігі шектеулі балалар киім тігу, тоқыма сияқты өнердің қыр-сырын тегін үйренеді. Қорыта айтқанда, әлбетте нарықтық заманда табыс керек. Бірақ, олар ақша үшін емес, әуелі өмір сүру үшін жұмыс істейді. Өйткені еңбек – еңсе тіктейді.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу