Атырау облысында оқушылар төрт ауысымда оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында оқушылар төрт ауысымда оқуға мәжбүр

24.01.2023

Атырау облысында мердігер мекеменің салғырттығынан үш мектеп-интернатта күрделі жөндеу жұмысы тоқтап қалды. Жағдай, әсіресе Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл елді мекенінде қиын болып тұр. Бұл ауылдың балалары қазір сабақты төрт ауысымда оқуға мәжбүр. 

Жауапсыз мердігердің салғырттығынан ауылдағы 900-ге жуық бала 320 орынға шақталған бастауыш мектеп ғимаратында 4 ауысымда оқуға мәжбүр. Күніне 4 сабақ қана өтеді. Бес пән онлайнға ауыстырылған. Аядай нысанда бөлме тапшы. Жүздеген мұғалім де кабинеттен қағылған.

Сұлушаш Назарова, математика пәнінің мұғалімі:
Онлайннан білім ала алмайды бала. Көбі айтады ғой ізденіп алуға болады деп. Барлық бала ізденімпаз деп айта алмаймыз. Балаларға толыққанды сабақ өтсе дейміз ғой.

Ал мектеп-интернаттың сырты да іші де жайрап жатыр. Оны бастан-аяқ күрделі жөндеу үшін бюджеттен 548 млн теңге қаржы бөлінген. Нысанды өткен жылдың қарашасында тапсыруы тиіс мердігер жұмысты оқсатпады. Зардабын ауылдықтар көріп отыр.

Гүлжан Мағрұпқызы, Қосшағыл ауылының тұрғыны:
Бұл мектеп бітпейді, жұмысы баяу жүріп жатыр. Ішіндегі өзбектері үй жағалап есік-терезе салып жүр. Келіп жатқан материалдарды сатып жатыр деп, мен жиналыста шырылдап тұрып айттым. 45 терезе 5 есік салынған жоқ әлі.

Күрделі жөндеудің тек 50 проценті ғана аяқталған. Оның өзі сын көтермейді. Ал, 120 балаға арналған интернаттың бірінші қабатындағы еден сол күйі төсеусіз жатыр. Әлі 157 млн теңге игерілмей тұр.

Жандос Темірғали, тілші:
Бұл мектептің спорт залы. Мұнда жұмыс тіпті басталмаған. Құрылыс материалдары қорабымен ашылмаған күйі жатыр. Ал оқушылар дене тәрбиесі сабағын үйінде онлайн оқуда.

Шымкентте тіркелген құрылыс компания Қосшағылдағы мектептен бөлек, қаладағы екі білім мекемесінің де күрделі жөндеуі жұмысын аяқсыз қалдырған. Мердігерге қатысты бірнеше рет іс қозғалды. Нүктесін сот қояды. Мекемеге хабарласу мүмкін болмады.

Айгүл Таңбайқызы, №2 жалпы орта білім беретін мектеп директоры:
Мердігер компанияға жазбаша түрде барлығын жазып отырмын. Бітпей қалған жерлерінің бәрін көрсетіп отырмын. Өткізетін шаралардың барлығын коридорда өткіземіз.
Гүлнар Сәдуақасова, облыстық Білім беру басқармасының басшысы:
Ол мәселенің барлығы мердігердің жауапкершіліксіздігінен басталып тұрған нәрсе. Сот аяқталмай әрине ол жұмыс өзінің жалғасын таппайды. Шартты бұзып, жаңадан істеу үшін, жаңадан процестер керек болады. Ол уақыт алады.

Өңірде қайта жаңғыртуды қажет етіп тұрған 8 білім мекемесі бар. Оған 4 млрд 271 млн теңге ақша бөлінген. Ал, күрделі жөндеуі басталып, аяқсыз қалған үш мектептің жыры әзір бітпейтін сыңайлы. Өйткені, соттың қашанға дейін созылатыны белгісіз.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу