Автошоу: Әлем электромобиль өндірісіне ерекше ден қоймақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автошоу: Әлем электромобиль өндірісіне ерекше ден қоймақ

24.01.2023

Алдағы он жылдықта көлік өндіруші концерндер электромобиль өндірісіне ерекше ден қоймақ. АҚШ астанасы Вашингтонда басталған ауқымды автошоу соған дәлел болса керек. Болашақтың автомобилі қандай? Әрі әлемдегі ең қымбат көліктердің бағасы қанша? Америкадағы меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлының репортажынан білейік.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Бұл автосалон Вашингтондағы ең үлкен қоғамдық көрме саналады. Жаңа көліктерді, жаңа технологияларды өз көзімен көру үшін жыл сайын он мыңдаған адам осы шараға арнайы келеді. Биылғы көрме де ауқымды. Себебі, қырыққа жуық көлік өндіруші 600-ден астам жаңа модель мен инженерлік шешімдерін әлем жұртына паш етті.

Америкалықтар әдетте қоғамдық көліктен қарағанда жеке автомобильмен жүргенді құп көреді. Әрбір үйде екі үш темір тұлпардың болуы қалыпты құбылыс. Әрі мүмкіндігі болса бес-алты жылда ауыстырып, жаңасын тізгіндеуге тырысады. Автошоуларда кісі қарасының көп болатыны да содан.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Қазақтар ерекше жақсы көретін көлік тойота, оның ішінде әрине камри моделі. Биыл жапондық концерн өзінің соңғы буынды көлігін осында таныстыруға әкеліпті. Оның сыртқы дизайны да ішкі интериері де толық жаңарған. Тек Қазақстанда ғана емес, Америкада да бұл өте сұранысқа ие көліктің бірі.

Жанармайдың қымбаттауы мұндағы жұртты да үнемді көліктерге ауысуға мәжбүрледі. Сол себепті де жапондық өнімдерді таңдаушылар көбейді. Әрі бағасы да америкалықтар үшін басқа маркалардан арзанырақ. Мысалы су жаңа тайота камридің құны 26 мың мен 36 мың доллардың арасында.

АҚШ азаматы:
Шоу өте қызық. Жаңа көліктер көп. Бағасы былтырғымен салыстырғанда ептеп түскен, десе де әлі де өте қымбат.

Бұл жерде қарапайым халық түгілі, бағасы көп байлардың да қалтасына шақ келе бермейтін темір тұлпарлар бар. 350 мың доллардан басталатын Бентлиді, құны жарты миллионнан кем емес Феррари мен Ламборджиніді айтпағанда, әлемдегі ең қымбат және ең жылдам көлік Бугаттиді де көруге болады. Құны қосымша опцияларын қоса есептегенде 4 млн үш жүз мың доллардан асады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Болашақтың көлігі толық электр қуатымен жүретін, жасандық интелектпен жабдықталған өте ақылды көлік. Жалпы, биылғы шоудың ерекшелігі көлік шығаратын зауыттар, электромобильдерге екпін қойған. Тұтас бір павильон қуат көзімен жүретін темір тұлпарларға арналған. Оның себебі де жоқ емес. Байден әкімшілігі биылдан бастап осындай көліктерді сатып алған америкалықтарға жеті жарым мың долларға дейін салықтық жеңілдік жасайтын заңды бекіткен еді.

Атақты брендтер электромобильдерді көптен шығара бастағаны бағаның арзандауына да себеп болады дейді сарапшылар. Ал, осы автошоуда көптің назарын өзіне еріксіз өзіне аудартқан LQ көлігі адамның басқаруынсыз діттеген жеріне дербес жете алады.

АҚШ азаматы:
Менің ойымша өте әдемі. Маған ұнады. Әсіресе іші. Бірақ, мына жері тез зақымдалады деп едім. Футуристік, болашақтың көлігі екені көрініп тұр.

Болашақтың көлігі қашан жаппай өндіріске шығарылатыны әзірге белгісіз. Келешектің ақылды автомобильі ғана емес, бұл шоуда сыры да сыны да кетпеген классикалық көліктермен қатар арнайы тапсырыспен жасалған алып темір тұлпарлар да талайдың таңдайын қаққызды.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу