Қысқы Универсиада жүлдегерлері мен қатысушылары елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қысқы Универсиада жүлдегерлері мен қатысушылары елге оралды

24.01.2023

Бүгін түнде АҚШ-тан бір топ универсиада жүлдегерлері мен қатысушылары елге оралды. Оларды жанкүйерлер мен қала жұртшылығы бар сән-салтанатымен қарсы алды. Дүбірлі додада намысты қолдан бермеген жас спортшыларымыз 3 күміс, 4 алтын және 4 қола медальді еншілеп, 11-орынға табан тіреген еді

Жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен құрмет-қошеметі Қазақстанның туын биікке көтерген спортшыларға арналады. Елорда әуежайына әуелі түнгі он екіде ұлттық құраманың шорт-трек шеберлері келді. Оларды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған бірқатар спорт жанкүйерлері күтіп алды.

Шорт-трекшілер екі бірдей күміс медаль еншіледі. Біріншісі 2000 метр қашықтықтағы аралас эстафетада. Екіншісі – ерлер құрамасының 5000 метрге жүгіру эстафетасы. Бұл сында ел намысын Әділ Ғалиахметов, Санжар Жанисов, Валерий Клименко қорғады.

Шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері Нұрберген Жұмағазиев шәкірттерінен алтын күткенін айтады. Айтуынша, спортшылардың жеңісті уыстан шығарып алуына болмашы қателік себеп болды.
 
Универсиадада орын алған қатысушыларға қомақты сыйақы беріледі. Үкімет Қаулысына сәйкес, 1-орынға 15 000 доллар, 2-орын үшін 10 000 мың доллар, ал үшінші орын иеленгендерге 5 000 мың доллардан төленбек.

Арадан 5 сағат өткен соң Универсиада чемпионы, биатлоншы Вадим Куралес келді. Оны күтіп алушылардың арасында қолдаушыларымен бірге ата-анасы да болды. 13 жылдан бері биатлонмен айналысып жүрген Вадим бұл жеңісін отбасына арнайтынын жеткізді. 15 шақырым қашықтықтағы жекелей жарыста Вадим 42 минут 37 секунд көрсеткіші мен алтын жүлдеге қол жеткізді. Ол мұнымен тоқтап қалмай әлем чемпионаттары мен түрлі жарыстарда топ жарсам деген мақсаты бар. Соның бірі –Шучинскте өтетін әлем біріншілігі.

Енді 2025 жылғы Қысқы Универсиада Италияның Турин қаласында өтеді.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу