Қарағанды облысында ең көп тазы ұстайтын ауыл бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында ең көп тазы ұстайтын ауыл бар

23.01.2023

Қарағанды облысында ең көп тазы ит ұстайтын ауыл бар. Шет ауданының Кеңшоқы ауылында қазірдің өзінде әр аулада кемінде екі-үш тазыдан. Осы елдімекеннің тумасы Асхат Аманбаевтың қолында қазір 30 ит бар. Ежелден саятшылардың құтты мекеніне айналған, қазақы қаймағы бұзылмаған ауыл азаматтарының құмайларын тілшіміз Руслан Нұрланұлы көріп қайтты. 

Асхат Аманбаевтың тазы өсірумен айналысып жүргеніне тура 30 жыл. Атадан балаға мирас болған саятшылық өнерден қол үзбей жүрген жігіт ағасының үйінде қазір 30 ит бар. Бірнешеуі 2018 жылы Таразда өткен халықаралық жарыста бас жүлде алған. Осынша итті күтіп-баптау, азық тауып беру оңай емес. Бірақ Асхаттың бала күннен қалыптасқан әуесін ештеңе алмастыра алмайды. Үлкендерден көріп өскеніндей, құмай тазыны жеті қазынаға жататын құндылығымыз деп үнемі дәріптеп жүреді.

Асхат Аманбаев, Кеңшоқы ауылының тұрғыны:
Бала күнімнен осы тазыға құмармын. Баяғыда осы ауылда керемет аңшылар болған. Сол кісілерге қарап еліктедік, тазыларын көріп қызығатынбыз. Шіркін менде осындай болса екен деп армандайтынбыз. Сол кісілердің тұқымдарын алдық. Тазы өзі екі түрге бөлінеді ғой. Шашақ құлақты, жарғақ құлақты болып. Біздің тазылар енді шашақ құлақтысына жатады. Жеңіл болу керек, тықыр болу керек, құлағы шашақты, құйрығы доғал, кеудесі кең.

Кеңшоқы ауылында қазір 150 үй болса, әр аулада кемі 2-3 тазыдан бар. Ат баптап, ит жүгірту бұл елдімекеннің ежелден қалыптасқан ерекшелігі. Жан-жақтан келіп тазы тұқымын алатындар көп. Осыны ескерген ауыл баласы Диас инстаграм парақшасын да ашып қойған.

Диас Мейірханов, Кеңшоқы ауылының тұрғыны:
Қазір 4 мың жазылымымыз бар, 1 миллионға таяу қаралым. Көбісі өздері айналдырады ғой накруткамен, бізде ондай жоқ. Таза инстаграм қолданушыларымен. Аңға шыққан, түлкі, қоян алғандағы видеоларымызды саламыз. Саятшылық өнерді көрсету біздің мақсатымыз.

Ауылда ертеден саятшылар күні белгіленген. Азаматтар атқа қонып, алғашқы сонарда аңға шығады. Бұл олар үшін құйындай жүйткіген құмайларының ізшілідігін, алымын сынайтын күн.

Медет Осатаев, Кеңшоқы ауылының тұрғыны:
Біз ес білгеннің алдынан келе жатқан үрдіс. Жиналып аңды қырып тастау мақсатында емес. Ауылды сағынып келген саятшы азаматтар жиналып, қауқылдасып отыратындай күн белгіленген. Бұл енді өнер дарыған, қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған ауыл.

Бекзада өнерді бек ұстанған осынау алақандай ауыл азаматтарының тазы итке қатысты айтары көп. Елдегі таза қанды тазылардың нақты санын, тұрқын айқындау, оны патенттеу, тұқымын көбейту, қазақтың тазысы деген атпен әлемдік тізімге енгізу сынды мәселелер жетерлік. Мемлекет басшысының биылғы қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заңға қол қоюы көңілдегі ойды дөп басып, бір серпілтіп тастады,- дейді саятшылар.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу