Биыл өңірлерде төрт түлікті 23 түрлі індетке қарсы егу жұмыстары жүргізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл өңірлерде төрт түлікті 23 түрлі індетке қарсы егу жұмыстары жүргізіледі

23.01.2023

Биыл өңірлерде төрт түлікті 23 түрлі індетке қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында айтылды. Бұл мақсатқа қазынадан 3,5 млрд теңге қаралған. Вакцина тұрғындар үшін тегін болады. 

Пиязды сыртқа шығаруға қойылған шектеу жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Бұған Ресей мен Өзбекстанда бағаның қымбаттауы себеп болып отыр. Қазір елде пияздың 100 мың тоннадан астам қоры бар. Дүкен сөрелеріне ерте пісетін көкөніс келгенше, көктемге дейін осы өнімді сақтау керек,- деді министр.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Қазірдің өзінде біздің өндірушілер өте көп пиязды сыртқа сатып жіберген. Жақсы бағамен экспорттаған. Пияздың көтерме бағасы 150-170 теңге болып тұр. Ал Ресейде, Өзбекстанда, бсқа да көрші елдерде көтерме бағаның өзі 240 теңгеден асып кеткен. Сондықтан пияз бағасын тұрақты сақтау үшін сыртқа шығаруға шектеу қойылып отыр.

Саладағы өткір проблеманың бірі – вакцинациялау. Былтыр оңтүстік-шығыс аймақтардағы малдар ғана егілсе, биыл бүкіл өңір қамтылады. Бұл - ет экспорты әлеуетін арттырудың бір тетігі. Халықаралық эпизотикалық бюроның аса қауіпті аурулар тізбесіне 88 індет енген. Оның 23-не қарсы вакцина республикалық бюджеттен сатып алынады. Аусыл соның ішінде. Мемлекет сатып алған вакцина қарапайым халыққа да, шаруа қожалықтарына да тегін.

Асқар Жақыпбаев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:
Вакцина салынатын 8 жарым млн ірі қара, 20 млн қой. Халықаралық бюроға мәліметтер берілді. Қазір сол жақтан комиссия тосып отырмыз. Майда 90-сессиясында шешім қабылданады. «Қазақстан аусылдан таза вакцина қолданумен» деген.

Қымбатшылық қысып тұрған шақта азық-түлік бағасын реттеу - министрлік алдында тұрған негізгі міндет. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың әлеуетін пайдаланып, фермерлерге 4 пайыздық, ұзақ мерзімді несиелер беру көзделген. Қарашөкеев бағаны реттеуде озық тәжірибелер ескеріледі деді. Қазір әр өңірдің өнім өндірудегі әлеуеті зерттеліп жатыр.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Жобалардың ішінде сүт-тауарлы фермаларды соғу. Құс фабрикаларын ет бағытында соғу, жаңбырлатып суару алқаптарын ұлғайту. Сосын балық етіне де арналатын болады.

Саланы, оның ішінде ветеринария жүйесін цифрлық форматқа көшіру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл қызметкерлерді қағазбастылықтан босатып, ақпарат беру процесін автоматтандыруға және жануарларды есепке алуды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Биыл ветеринария мамандарының жалақысы 35-50 пайызға өседі.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу