Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды

23.01.2023

Бүгін Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды. Астанада бірнеше адам құжатын алып та үлгерді. Бірақ, көбінің мәселесі шешілмей, кері қайтып жатыр. Асима Нұрбайқызы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркеу процесін көріп қайтты. 

Бұған дейін тіркеуге үрке қарағандар бүгін орталыққа жаппай ағылды. Мекеме алды шетел нөмірі бар көліктерге лық толы. Тап осы күнге сары майдай сақтап келген сары нөмірлерін шешіп жатыр.

Жеңілдік бүгіннен басталды. Халыққа қызмет көрсету орталығында ұзынсонар кезек. Бір күнде жүзден артық жүргізуші тіркеуден өтуден дәмелі.

Астаналық Ардақ көлігін елдің алды болып тіркеді. 1,5 сағат ішінде машинаның нөмірі мен құжатын алды.

Ардақ Асқаров, қала тұрғыны:
2 жыл бойы жүрдім. Құжаттар тапсырып, нөмірді алдым. 200 мың теңге нөмір және регистрация. 215 мың теңге шықты, ешқандай қиыншылығы жоқ.

Тіркеу тәртібі жеңіл болғанымен, тексеру талабы қатаң. Шетелден келген әр көлік жіті қаралады. Сәл күмән туса тіркеуден өтпейді. Бүгін көбі кері қайтты.

Әу баста ел аумағына заңсыз кірген көліктерді бірден тіркей салмайды.

Алдымен криминалдық есепте тұрмағанына көз жеткізіледі. Басқа мемлекетте бұрын тіркелген жерінен шығарылуы қажет. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі шарт.

Ал одаққа кірмейтін елдерден көлік әкелгендердің шаруасы тіптен қиын. Моңғолия, Грузиядан арзан бағамен олжалы болғандардың өз базынасы бар.

Бақытбол Берімбайұлы, қала тұрғыны:
Біз құжат өткізуге келсек айтады сендер кеден одаққа өтпейсіңдер. Утилға барасыңдар, анда барасыңдар. Қазақстандық страховка алдық қой көліктердің бәрін. Барлық көліктің бәрін бір ретке легализацияға сыйдырып берсе.

Тіркеуге қатысты мәселелер болса полиция департаменті түсіндіруге дайын.

Бауыржан Тоқжұманов, Астана қаласы әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
Ұрланған көліктер жоқ, ал қандай да шектеулер бар көліктер ондай көліктер әрине бар өкінішке орай. Ол үшін полиция департаментінде арнайы қызметкерлер бөлінген. Ол азаматтар ПД келіп, қандай шектеулер тұр, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Шетел автокөліктерін заңдастыру үшін 1-шілдеге дейін мүмкіндік берілді. Яғни, алда жарты жыл уақыт бар. Одан кейін Қазақстан аумағында мынадай шетел нөмірлерін тағып жүруге біржола тыйым салынады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу