Универсиада: Қазақстан қоржынында 11 медаль - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Универсиада: Қазақстан қоржынында 11 медаль

23.01.2023

Бұл әлем көз тіккен универсиададағы хоккейшілеріміздің ойыны. Отандастарымыз тартысты өнер көрсетті. Жалпы, Қазақстан Қысқы Универсиада ойындарын сәтті аяқтады. Ел құрамасының қоржынында 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде бар. Осылайша, жалпыкомандалық есепте 11 медальмен 11-ші орынға табан тіредік. Спорт бәсекесіндегі есте қалған жеңісті сәттер туралы тілшіміз тарқатады.  

Екі жылда бір ұйымдастырылатын дүбірлі жарыс 2021 жылы Швейцарияның Лозанно қаласында өтуі тиіс еді. Алайда, коронавирус кесірінен әлем студенттері бас қоса алмады. Сөйтіп, 31-ші қысқы Универсиаданы АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласы қабылдады. Әлемнің 46 елінен келген 2400 спортшы салтанатты ашылу рәсімінде сап түзеді. Ел намысын спорттың 10 түрінен 82 отандасымыз қорғады.

Спорттық шара басталысымен, қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес қоржынға алғашқы алтынды салды. Жарыс жолында нысана көздеуден бір рет қана мүлт кетіп, 15 шақырым қашықтықта мәре сызығын алғашқы болып қиды. Тағы бір жерлес спортшымыз Александр Мухин алтыншы орынға табан тіреді.

Мәнерлеп сырғанау бойынша Денис Теннің ізбасарлары бәсекені жүлдесіз аяқтады. Михаил Шайдоров қолаға қол созым жерде қалды. Ал Диас Жиренбаев болса, он бірінші орынға жайғасты.

Қоржынға екінші алтынды Данил Васильев салды. Қалыпты шаңғымен секіру спорт түрінен бірінші кезеңде 127,2 ұпаймен қарсыластарын басып озса, соңғы айналымда екінші болып мәреге жетті. Қорытынды есеп бойынша австриялық атлеттерді шаң қаптырып, үздік нәтиже көрсетті.

Лейк-Плэсид Универсиадасы биатлоншыларымыз үшін де сәтті болды. 10 шақырымдық спринтте Бекентай Тұрлыбеков жеңімпаз атанса, Александр Мухин қола жүлдеге қол жеткізді. Бірінші Универсиадасына келген Тұрлыбеков талайды таңдай қақтырды. Нысана көздеуде 41 үміткердің арасынан мүлт кетпеген жалғыз Бекентай еді. Жүгіруде де жанын салды. Еңбегі еш кеткен жоқ. Универсиада чемпионы атанды.

Сәттілік серік болып, шорт-трек шеберлеріне командалық аралас эстафетада күміс медаль бұйырды. Спортшыларымыз трамплинде де тұғырдан көрінді. Әдетте жүлденің ауылынан алыс жүретін қанатты шаңғышыларымыз осы жолы қайран қалдырды. Данил Васильев пен Сергей Ткаченко командалық сайыстың күміс жүлдесін қанжығаға байлады.

Осылайша, 31 қысқы ойындарды Қазақстан құрамасы 11 орынмен аяқтады. 82 спортшы ел намысын қорғауда барын салды. Ал жалпы, Универсиада жеңімпазы - Жапония құрамасы.

Айта кетейік, жеңімпаз спортшыларымыздың алды бүгін түнде елге ұшып келеді. Оларды жанкүйерлер мен Қазақстан халқы салтанатты түрде күтіп алмақ.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу