Тараз тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен салынуы тиіс баспанаға қол жеткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен салынуы тиіс баспанаға қол жеткізе алмай отыр

23.01.2023

Тараз тұрғындары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуы тиіс баспаналарына қол жеткізе алмай отыр. Осыдан 4 жыл бұрын басталған құрылыс, созбалаңға салынып аяғында не ақша, не үй жоқ деп шағымданды. 2019 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында шаршы метрі 120 мың теңгеден 20 жер үй салынуы тиіс болған. Алайда 10 үйдің құрылысы аяқталған соң, материал бағасының қымбаттауына байланысты құрылыс компаниясы қиындыққа тап болады. Бюджет қаражаты бөлінгенше салымшылардан 5 миллион теңгеден алған серіктестік құрылысты аяғына дейін жеткізе алмаған.

Мақпал Ноғайбаева, қала тұрғыны:

Зам әкім сол кісі жиналысқа шақырды да, міне Иванға 5 миллионнан беріңдер ол кісі соғып береді деді. Енді өз сөздерінен қашып отыр, секіріп отыр. Біздің ешқандай қатысымыз жоқ, Иванмен соттасыңдар дейді.

Ал, қала билігі бюджеттен бұл бағдарламаға бір тиын бөлінбейтінін кесіп айтты. Өйткені сол кездегі келісім шарт қазір, сот шешімімен күшін жойыпты. Сондықтан, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарды есептеп, сараптама қорытындысын күту керек. Егер, қаржы мәселесінде кемшілік анықталса құрылыс компаниясын сотқа бермек.

Бақытжан Орынбеков, қала әкімі:

Мен көп уақыттан бері шешілмей келе жатқан мәселені 2-3 күнде шеше алмаймын. Тоқтай тұрыңыздар. Сіздерден сұранарым, тағы да маған уақыт беріңіздер. Осы уақытқа дейін жұмыстың барлық көлемін, жұмсалған қаражатты біз тексерейік. Екіншіден шешу жолын қарастырыайық.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу