Президент ХХХІ Дүниежүзілік Қысқы универсиадада табысты өнер көрсеткен Қазақстанның студенттер құрамасын құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев командалардың биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.
«Сіздердің жарқын жеңістеріңіз күллі жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйлады. Дүниежүзілік Қысқы универсиадада шеберлік пен жеңіске деген ерік-жігердің бірегей үлгісін көрсеттіңіздер. Құрама командамыздың Универсиада ойындарындағы тамаша өнерін мыңдаған жасты жігерлендіріп, жеңістерге бастайтыны анық»,-деп жазылған құттықтау хатта. АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен Қысқы универсиадада Қазақстан 11 медаль жеңіп алды. Оның 3-уі алтын, 4-уі күміс, қалған төртеуі қола. Жарыстың соңғы күндерінде Биатлоншыларымыз Вадим Куралес, Бекентай Тұрлыбеков пен Данил Васильев алтын медальға ие болды. Александр Мухин, Данил Васильев пен Сергей Ткаченко командалық жарыста биатлоннан екінші орынға табан тіреді. Шорт-тректен аралас эстафетада қыздар командасы мен ерлер құрамасы күміс жүлдегер атанды. Ал биатлоншы Александр Мухин мен шаңғышы Ксения Шалыгина қола жүлдені қанжығасына байлады. Шаңғы жарысынан қыздар командасы мен хоккейден ерлер командасы үшінші орынға табан тіреді. Айта кетейік, Қысқы универсиадаға спортшыларымыз Ұлттық студенттік спорт федерациясы атынан қатысты.
Дарын Сағитов