Түркістанда жылыжайларда көкөністер үсіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда жылыжайларда көкөністер үсіп жатыр

22.01.2023

Түркістан облысында биыл қыс қатты болып, тұрғындарды да, диқандарды да әбігерге салды. Ауыл халқы үйін жылытуға көмір таппай қиналса, шаруалар жылыжайларын жылыта алмай өнімдерін үсітіп алды. Соңғы он жылда болмаған аяз өңір шаруаларын тығырыққа тіреді.

Қалың қардан кейбір жылыжай қирап қалып, ішіндегі көшеттерді үсік шалды. Әсіресе, Келес пен Сарыағаш, Қазығұрт пен Сайрам аудандарында диқандар шығынға батты. Солардың бірі келестік шаруа Нұржан Омаров. Жиырма жылдан бері жылыжай ісімен айналысып келе жатқан кәсіпкердің үш гектар жылыжайын қар басып, құлап қалған. Өткен жылы ғана 150 млн теңгеге салынған нысан мүлде жарамсыз күйге түскен. Ал жанындағы жылыжайларда жас көшеттер үсіп, шаруа миллиондаған шығынға ұшырады. Осылайша, ауылдың 100 шақты тұрғынына жұмыс орны болған жылыжай жұмысын тоқтатты.

Гүлбанай Әділбекова, жұмысшы:

Бәріміздің, көпшілігіміздің күнкөрісіміз осы жерде. Соған мына жағдайдан кейін білмедім, қалай болатынын. Енді бір ай күту бізге де қиын. Дүкен бар, бала-шағаның мектебі бар дегендей. Азғантайымыз келіп жатырмыз да, көпшілігіміз шықпай жатырмыз, жұмыс болмағаннан кейін.

Ал, кәсіпкер шаруашылықтың жұмысын қайта бастауға 200 млн теңгедей қаражат қажет дейді. Тіпті қырыққабаттың көшетін өсіруге қажетті тұқым алу да мұң болып тұрғанын айтады.

Нұржан Омаров, жеке кәсіпкер:

Елден тапсырыс алғанбыз, 150 гектарға қырыққабаттың көшетін дайындап береміз деген едік. Олардың бәрі үсіп, қиын жағдайға қалып тұрмыз қазір. Тұқымды қарызға алғанбыз, неше жылдан бері істеп келгеннен кейін олар бізге сенім білдіріп берген. Қазір мына жерде барлығы үсіп кетті, күйіп кетті. Қазір оны алатын ақшамыз да жоқ. Ешкімнен ешқандай көмек болады деп айтып жатқан жоқ. Бір өзіңмен өзің жұмысыңды істей бер дегендей болып тұр қазір.

Бәріне қыс ауасында қатты отынның қат болуы себеп болыпты. Оның үстіне қиқымы көп болғандықтан жылыжай жылымай, тәулік бойы от жаққандардың еңбегі еш кеткен.

Еркі Айдаров, жұмысшы:

Күніне 7 тоннадай көмір жағып жүретін едік. Көмір жоқ, міне. Базаға барсақ көмір жоқ дейді. Қазір енді не істерімізді білмей қаппен тасып әкеліп, жағып жатырмыз. Сапасыз.

Келес пен Сарыағаш аудандарындағы жылыжайлардың басым көпшілігі қазір құлап жатыр. Осы жылыжайлардың арқасында күн көріп жүргендер енді шығынын кімнен өтерін білмей дал. Соңғы қаражатына дейін көшетке жұмсап, қажет кезде көмір таппай қалған.

Нұрлан Кертаев, шаруа:

Сырттан бізге кіріс келмейді, бәрі диқаншылықта істейтіндер. Осының бәрі қарызға ұрықты да алып жатыр, кленканы да алып жатыр. Адам да саламыз мысалы, бір адамның шамасы жетпейді ғой. Бір адам салсаң 5 мың теңге. Күніне қаншама шығын келеді. Бар үмітіміз осы парникте болған еді. Капуста да кетті, қызанақ та кетті. Суық ұрып кетті ғой. Бәрінің басында кредиттері бар. Менде де кредитім бар алған, 1 млн теңге.

Алмас Нағашыбай, шаруа:

Ешқандай жеңілдік жоқ, біз болдық. Соңғы процесс біз құлаймыз, одан кейін қымбатшылық басталады. Себебі, бізге үкіметтен ешқандай көмек жоқ. Үйімізді қойғанбыз несиеге, ақша алғанбыз. Шығынға батып тұрқ қой, қазірдің өзінде шығын ол.

Ал, Сайрам ауданында бір ғана шаруа қожалығы миллиондаған шығынға ұшырады. 3 гектарға жуық аумаққа қызанақ көшетін еккен бұл шаруашылық жазға дейін өнім алуы тиіс еді. Бірақ қатты аязда жылыжайға көмір болмай, голландиялық қымбат көшеттер үсіп қалды. Жылыжайлардағы құбырларға мұз қатып, жарылған. Өйткені, қатты отынның қиқымы көп болғандықтан қазандықтар істен шыққан.

Дінмұхаммед Серіков, шаруа қожалығының басқарушы директоры:

Моторларымыз да күйіп кетті. 6-7 моторымыз күйді. Оның запаснойларын қойдық. Бірақ көмірдің сапасы төмен болғаннан ары қарай температураны көтере алмадық. Бізде 220-230 млн теңге болып жатыр шығынымыз. Бастысы, енді ары қарай қалай жылжитынымызды білмей отырмыз.

Жылыжайдың біраз бөлігінде қызанақтар төгіліп жатыр. Кейбірі қып-қызыл боп көзге әдемі көрініп тұрғанмен, мамандар оның жеуге жарамайтынын айтады. Жылы жерге барғаннан кейін суы шығып, дәл осылай ағып кетеді дейді.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Жұмысшылар үсіген қызанақтарды жұлып, жылыжайды тазартып жатыр. Оның өзіне жұмыс күші жетпеуде. Өйткені, өңірдегі жылыжайлардың басым көпшілігінде осындай жағдай. Шарулар болса, енді қайтадан қызанақ егуге қаражат жоқ дейді.

Сондықтан банктен несие алып кәсіп бастаған шаруалардың оны өтеу мерзімін тоқтата тұрса деген тілегі бар. Өйткені, бір жылдық өнімге жоспар құрғандар бір ақ рет терім болғанын айтады. Қазір ондағы елуге тарта жұмысшының жалақысын берудің өзі қиынға соғып тұр екен.

Дінмұхаммед Серіков, шаруа қожалығының басқарушы директоры:

Әкімшіліктен көмек бола ма, болмай ма біз әлі білмейміз. Қалай ары қарай жылжитынымызды. Ол да қиын жағдай болайын деп жатыр. Алдымызда кредитіміз бар АКК-дан жабылатын. Сол кредитімізді кішкене бір жылдай кейінге шегеріп берсе, өзіміздің күшімізді жинауымыз керек. Мынаның бәрін тазартып, жаңа астық егу керек. Соның бәріне 100-150 млн теңгедей ақша керек бізге.

Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі жауаптыларды жинап, қысқа дайындық жұмыстарының мардымсыз атқарылғанын сынға алды. Тіпті жалған ақпарат бердіңдер деп қарамағындағы шенділерге сөгіс жариялады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:

100% дайын деп жауап берген едіңіздер, өкінішке қарай ақпарат жалған. Ал, жұмыс өз деңгейінде жүргізілмегіндігі анықталып отыр. Аудан, қалаларға көмір жеткізу толық шешілмеген. Тұрғындар, жылыжай иелері көмір тапшылығына және бағасына наразылық білдіруде. Қажетті көмір көлеміне орай басқармалар мен аудандардан жинақталған мәліметтер де дұрыс болмай шықты. Жылу беру маусымында орын алып жатқан осы жайттарға байланысты барлық қала, аудан әкімдеріне аталған кемшіліктерді шұғыл жоюды тапсырамын.

Қазір өңірде 591 гектар жері бар мыңнан аса шаруашылықтың жылыжайларына 200 мың тонна көмір отыны қажеттілігі анықталып отыр. Сондай-ақ, 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түскені белгілі болды. Осылайша, жеке кәсіпкерлер қаржылық шығынға ұшырады. Ендігі жерде олардың шығыны есепке алынып, көмек беру мәселесі қарастырылмақ.

Әлібек Халықұлы, Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Қазіргі таңда ауданның жергілікті атқарушы органдар тарапынан қанша жылыжай бүлінгендігі туралы тиісті анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы несие корпорациясынан алынған несиелері болатын болса, егер өтініш жасайтын болса, әкімдік тарапынан заң тарапынан қолдау көрсетуге әзір. Бұл жерлерде несие үстемақыларын барынша төмендету, кейінге шегеру мәселесі заң негізінде қаралатын болады.

Қалай болғанда да, Түркістан облысы аумағындағы жылыжайы бардың бәрі шығынға шаш етектен батып отыр. Еліміздегі жылыжайлардың 71% облыстың үлесінде екенін ескерсек, алдағы уақытта қымбатшылық болуы да ықтимал. Өйткені, диқандар шығынын жабу үшін көкөніс бағасын көтеруге мәжбүр болады. Ал бағаны ұстап тұру үшін мемлекеттен қаржылай көмек болса, дейді.

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу