Мемлекет басшысы: Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады

22.01.2023

Мәжіліс таратылды. Ал сайлау наурыздың 19-ы өтуі тиіс. 2019 жылы наурыздың 19-ы күні Нұрсұлтан Назарбаев халыққа мәлімдеме жасап, өкілетін тоқтатқан еді. Енді 4 жылдан кейін Қазақстанда дәл осы күні тағы бір саяси оқиға болғалы тұр. 19 қаңтардағы мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы» екенін айтты. Иә, сайлаудың осы жылы болатыны Президенттің былтырғы Жолдауынан бері белгілі. Соңғы науқаннан басты өзгешелігі - депутаттардың аралас жүйе бойынша сайлануы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram-арнасында алдағы мәжіліс сайлауының басты он ерекшелігін атады. Солардың кейбіріне тоқталсақ:

• үміткерлерге партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік туды;

• мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды;

• облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді;

• сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны – төртеу).

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу