Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

22.01.2023

Тозған құбыр, тоңған халық. Мұндай көріністі Рудный көшелерінен күнара көруге болады. Жылу құбырлары үнемі жарылады, жұрт дірдек қағады. Соңғы апат екі күн бұрын болды. 1200 пәтер жылусыз қалды. Қазір жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы еліміз бойынша да, осы облыста да жылу құбырлары апатты жағдайда тұр. Желілердің тозу деңгейі өте жоғары, 70, 80, кейбір жерлерде тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – атқаратын басты міндет, себебі мұны созбалаңға салуға болмайды.

Ал қала әкімі жылусыз қалғанымен, пәтерлер 22 градус жылы деп есеп берген еді. Күтпеген жерден Президент тұрғындармен жолығып, мұның рас өтірігін өзі тексерді.

Бұдан соң Президент пәтерге кіріп көрді, тоңған кішкентай қызды мейірімімен жылытты.

Мемлекет басшысы еліміздегі ең ірі кен орындарының бірі Соколов Сарыбайға да соқты.

Досжан Маратұлы, тілші:

Жетпіс жылдан астам тарихы бар кен орынының тереңдігі 500 метрдей. Осы уақытқа дейін бұл жерде жарты миллиард тоннаға жуық темір рудасы өндірілген. Мамандардың айтуынша, кен орыны 2035 жылға қарай толық сарқылмақ.

Өйткені мұнда небары 35 миллион тоннадан астам руда қалған. Сондықтан Президент оны барынша тиімді пайдалануды тапсырды. Яғни аз шикізаттан мол пайда көруіміз керек. Оның үстіне Ресей санкция астында қалғандықтан, бізге жаңа нарық Еуропа ашылып отыр.

Сергей Напольских, Соколов кенішінің басшысы:

Санкциялық қиындықтар мен өндіріс көлемінің азаюына байланысты біз жаңа өнім шығаруды ойластырып отырмыз. Ол - Ыстық брикеттелген темір. 92 процент темірден тұрады. Өндірісі экологиялық жағынан тиімді. Одан «жасыл болат» жасап шығарылады. Нарықта бағасы жоғары болатынын болжап отырмыз.

Рудныйдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Лисаковск қаласына барды. 36 мыңнан астам тұрғыны бар шағын қалада да жылу жауыр болған проблема. Құбырлар 60, жылу орталығы 43 пайызға тозған. Сондықтан екі жылдан бері жаңғырту жүріп жатыр. Жылу электр орталығының мүшкіл халін көрген Президент жаңалау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Бұдан соң Мемлекет басшысы өңір орталығы Қостанайға келді. Қала көлік құрастыратын зауытымын танымал. Екі жарым мың адам жұмыс істейтін алып концернде Chevrolet, Kia, Jac көліктері шығарылады. Әрі олар жаңа модельдермен толықтырылып жатыр.

Досжан Маратұлы, тілші:

Бүгіннен бастап кәсіпорында мынадай Kia sportage көлігі шыға бастайды. Еліміздің автосалондарына жол тартатын крассоверді әрине 4 пайыздық автонесиемен алуға болады. Ал машина шанағы осында дәнекерленеді, боялады, жасалады. "Кианы" құрастырудың мұндай технологиясы Орталық Азия мен ТМД елдерінде тек Қазақстанда бар.

Енді жыл сайын 25 мың "Киа" крассоверін Тобыл өңірінде шығару көзделген. Жаңа моделді көрген соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек ұжымына табыс тіледі.

Бұдан бөлек, зауытта жыл соңына қарай Kia-ның Cerato, Chevrolet-тің Onix моделдері де осында құрастырыла бастайды.

Маңыздысы, шекара асып келетін корей көліктері Қазақстанда құрастырылса, құны да түсуі мүмкін. Бірақ қаншаға екені әзірге белгісіз.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу