255 елдімекенге су басу қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

255 елдімекенге су басу қаупі төніп тұр

21.01.2023

Биыл 255 елдімекенді су басу қаупі бар. Яғни көктемде қауіпті аймақтарда орналасқан 127 мыңнан астам үй қызыл судың астында қалуы мүмкін. Әсіресе ірі өзендер мен су айдындары жағалай қонған елдімекендерге қатер төніп тұр.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарына қазірден қам қалу қажет.

Елорданың іргесінде Есіл өзенін жағалай орналасқан Талапкер ауылы бұл. Елдімекендегі халық саны 30 мыңға жуықтаған. Ауылдықтар қаңтардың сарышұнақ аязынан гөрі тау төбе боп үйілген қардан қауіп төнеме деп үрейленіп отыр. Осыдан алты жыл бұрын Талапкерде 200-ден астам үй қызыл судың астында қалған. Топан судан зардап шеккендердің бірі алпысты алқымдаған Алпыс Бидебаев болатын.

Алпыс Бидебаев, Талапкер ауылының тұрғыны:

Алаңдап отырмыз. Ертең не болады? Көктем ақпанның аяғында не ортасында келіп қалса, судың астында қаламыз ғой. Қазір бәрі қатып жатыр. Мұз міне.

Бейімбет Сәметов, Талапкер ауылының тұрғыны:

Жылдағыдай судың астында қаламыз. Қарды қазірден бастап шығарса, онда үлгереміз. Әлі де кеш емес. Қазірден бастап қолға алса. Жылдағыдай суға батпаймыз. 

Табиғаттың тосын мінез танытпасына кепіл жоқ. Осыдан екі апта бұрын 7 қаңтар қыс ортасында Ақтөбе облысында қызыл су жүріп кетті. Ойыл ауданы Көпсағай ауылында еріген жаңбыр суы ауыл көшелерімен өтіп, жергілікті маңызы бар жолды шайып кеткен. Бұл бір ғана мысал. Жалпы алғанда биыл су басу қаупі аймағында 255 елдімекен бар.

Роллан Есмағанбетов, ТЖМ техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығы:

Төтенше жағдай министрлігі жергілікті атқарушы органдармен қауіп-қатер деңгейі жоғары өңірлерді айқындады. Ол Ақмола, Қарағанды облысы, Абай, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы осы аймақтарда су тасқыны болуы ықтимал.

Құтқарушылар мен күштік құрлымдардың даярлығы жылдағыдай «Көктем-2023» оқу - жаттығу жиынында сараланады. Ал көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыс жоспары мен жұмсалатын қаржы қаражат 24 қаңтарда Примьер-Министрдің қатысуымен өтететін Үкімет отырысында пысықталады.

Серік Селеубай

Хабарламаларға жазылу