Сайлауға жеті саяси партия қатыса алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлауға жеті саяси партия қатыса алады

21.01.2023

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Парламент мәжілісінің сайлауына қатыса алатын партиялар тізімін жариялады. Әзірге науқанға баратын саяси ұйымдардың саны - жетеу.

Ал елдің 20 өңірінде болатын мәслихат депутаттарының сайлауына тек 5 партия жолдама алды. Дегенмен бұл нақты шешім емес.

8 ақпанға дейін қосымша партиялар тіркелсе, олардың құжаттары заңға сәйкес келсе, бұл сан өзгеруі әбден мүмкін. 

Сонымен сайлауға түсетін 7 партияның аты белгілі. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» , «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы , «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», «AMANAT» партиясы , «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Байтақ» Қазақстандық Жасылдар партиясы және «Республика» партиясы.

Яғни бұл саяси ұйымдар партиялық тізімдер бойынша 70 пайызы сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарын ұсына алады. Үмкіткерлер саны 90-нан аспауы тиіс.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет министрінің орынбасары:

Саяси партиялар осы шақырылымда мандаттар санының 50% мөлшерінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсына алады. Ол үшін Сайлау заңының 103-бабының 4-тармағына сәйкес, саяси партияның тиісті филиалы, өкілеттігі жоғары басшылығының шешімі азаматтың партиялық тізімге енуіне келісім беру туралы өтінішімен бірге берілуі тиіс.

Бірақ, тіркелген 7 партияның тек бесеуі барлық өңірдің жергілікті мәслихат депуттағына кандидат ұсына алады. Өйткені олардың 20 аймақта да филиалдары мен өкілдіктері бар. Ал «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясының құрылымдылық бөлімі Атырау, Қызылорда және Қарағанды қаласында ғана ашылған. Тиісінше, олар тек осы қалалардан ғана үміткер ұсына алады. Ал «Республика» партиясы мәслихат сайлауынан қалыс қалуы мүмкін. Себебі олардың әлі бірде-бір құрылымдық бөлімшелері жоқ.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

8 ақпанда аяқталады. Осыған байланысты «Байтақ» пен «Республика» саяси партияларының мынаған назарын аударғым келеді. Партиялар осы кезең аралығында өңірлерде өз филиалдары мен өкілдіктерін ашып, оларды тіркелген жағдайда мәслихаттар депутаттығы тиісті сайлауына қатысуға рұқсат алуына мүмкіндіктері әлі бар.

Сондай-ақ Мәжіліс және мәслихат депуттарының сайлауына қатысуға басқа да партиялар қатыса алады. Ол үшін заң бойынша 8 ақпанға дейін құжаттарын тапсыруы керек. Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, қазір екі партиядан тіркелуге өтініш келіп түскен.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет министрінің орынбасары:

Ел тағдыры» және де «Ұрпақтар жалғастығы» деген 2 саяси партияға тиісті рұқсаттама белгіленген. Олар да келесі кезең тиісті съезд өткізу керек.

Парламент Мәжілісінің депутаттығына соңғы 10 жылда Қазақстан аумағында тұратын, 25 жасқа толған, мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан азаматы кандидат бола алады. Заңда белгіленген тәртіп бойынша соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмысы бар адам депутаттыққа кандидат бола алмайды. Қатысу үшін партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Орталық сайлау комиссиясының шотына 1 050 000 теңге, мәслихат депутаттығына үміткерлер 350 мың теңге сайлау жарнасын төлейді.

Шавхат Өтемісов , ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Саяси партия сайлау қортындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын алған жағдайда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген кандидат қайтыс болған жағдайда жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылмауға тиіс және республикалық бюджет кірісіне алынады.

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 8 ақпан сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу мерзімі 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу