Мемлекеттік қызметке кіру жеңілдетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік қызметке кіру жеңілдетіледі

20.01.2023

Бұдан былай мемлекеттік органдардағы персоналмен жұмыс істеу қызметі кадрлық шешімдерді қабылдау құқығына ие болады. Әдеп қағидаттары күшейтіліп, мемлекеттік қызметке кіру жеңілдетіледі. Сондай-ақ, биыл Президенттік жастар кадр резервіне де кезекті іріктеу басталады. Кешенді мәселелер бүгін мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды.

Мемлекеттік органдардың оңтайлы және тиімді құрылымына айналуы үшін кешенді жүйелі өзгерістер қажет. Оған персоналмен жұмыс істейтін қызмет аясын арттырумен қатар жұмысқа алу процестерін жеңілдету тетіктері кірмек. Ең бастысы, мемлекеттік аппараттың бюрократиялық кедергілерді азайтқан жөн.

Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы:
Персоналды басқару қызметіндегі адамдар нақты өздерінің істерімен айналысуы үшін, кейбір қағазбастылықтан арылуы үшін олар қайталана беретін процестерді электрондық түрде жүргізгені оңтайлы. Біз тек қана озық үлгіні көрсетіп қоймай, сонымен қатар осы аймақ елдерінде соның ішінде Қазақстандағы бұл бағыттағы қордаланған мәселелерді зерттейтін ғылыми ізденістерге де қолдау көрсетіп отырмыз.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке онлайн режимде іріктеуді пилоттық сынақтан өткізеді. Тың жоба үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Қазір осы мақсатта денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және әлеуметтік қорғау салаларында талдау жүргізіліп, жұмыстарын жеңілдету үшін 183 ұсыныс әзірленді. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау жұмысында бұзушылықтардың алдын алуына үлкен мән беріледі.

Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
Қазіргі таңда мемлекеттік органдардағы персоналмен басқару басқармаларында мұндай құқықтары жоқ. Ол алдын-ала қандай мамандар қажет, кімдерді алуымыз керек, 5 жылда қандай мамандар болады, ол бес жылдың ішінде неше адам зейнетке шығады, неше адам қызметтен ауысады сол органдарға адамдарды тарту жүйесін үйрететін боламыз.

Жиында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу мәселесі де сөз болды. Қазіргі кезде еліміздің ең маңызды салаларында, атап айтқанда энергетика, білім беру бағытында жұмыс істейтін мамандар қажет.

Ламбриан Топузидис

Хабарламаларға жазылу