Мәжіліс тарады: Депутаттар қандай мәлімдемесімен есте қалды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс тарады: Депутаттар қандай мәлімдемесімен есте қалды?

19.01.2023

Мәжіліс депутаттары қысқа мерзімде тарихта қалатын жұмыс істедік деп отыр. Қай депутат, қандай ісімен есте қалды? Әріптестерім депутаттық корпустың екі жылдық жұмысына шолу жасап көрді.  

Бірі сөзінен, бірі жадынан жаңылып, бірі жатқа айтып ант қабылдаған жетінші шақырым депутаттары... Төменгі палатада тура 2 жыл отырды.

Екі жыл депутаттық мерзім үшін көп емес. Дегенмен, бірқатар заң қабылдап үлгерді. Халық талабын мінбердегілерге жеткізуге тырысты. «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобын құрды. Олар Мәжіліс алдына келген министрлерге батыл талап қоя бастады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының депутаты:
Құрметті министр мырза, Депутаттарға не айтуға болатынын, не айтуға болмайтынын өзіміз білеміз, жарай ма? Сізді ол жағынан мәдениетті болуға шақырамын. Бұл – бір. Екіншіден, сіз мұндай сынды тыңдағыңыз келмейтінін айттыңыз. Тыңдағыңыз келе ме, келмей ме, бірақ біз сізді тыңдатамыз. Бұл біздің еліміз алдындағы қызметіміз бен міндетіміз.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының депутаты:
Бағдат Батырбекұлы! Сіз асықпай-аптықпай қысқа және нұсқа жауап беріңіз. Біздің уақытымызды алмаңыз. Бұл жерде ешкім ойнап отырған жоқ. Сондықтан сіздерге нақты сұрақ береді, нақты жауап береңіздер. Не зат мынау? Басын бастайсыз, аяғы жоқ. Келдіңіздер ме Парламентке, дұрыстап жауап беріңіздер. Адамның басын айналдырмаңдар.

Екі жылда біраз депутат қызметін ауыстырды. Іштей комитет арасында да ауыс-түйіс жиі болғанға ұқсайды.

Депутаттық корпустан әкім қызметіне, министр лауазымына «ауысқандар» да бар. Берік Әбдіғали Ұлытау облысының әкімі, Нұрбек Саясат Ғылым және білім министрі атанды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
Өте танымал депутат болды. Тек, бір өкініштісі, аз ғана уақыт болды.

Ал ет жемейтін депутат Зульфия Сүлейменова жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметіне тағайындалды. Бірнеше тіл білетін депутаттар да бар. Айталық, Құдайберген Ержан 8, Тілектес Адамбеков 4 тілде еркін сөйлейді.

Ал бүгін партиядан шығарылып, депутаттық мандаты тоқтаған Азамат Әбілдаев осыған дейін спикерлердің атын шатастырып күлкіге қалған еді.

Мәжілісте 107 депутат бар. Бірақ, халық арасында көбі танымал емес.

Сонымен, VII шақырылым депутаттары мәжіліс есігін үш жылға ерте жапты. Енді Парламенттің төменгі палатасы пропорционалды-мажоритарлы жүйе арқылы жасақталады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу