Қазандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығында салт-дәстүрлер дәріптеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығында салт-дәстүрлер дәріптеледі

19.01.2023

Қазан қаласындағы қазақ-ұлттық мәдени орталығы арнайы үйірмелер ашып, аптасына екі рет қазақ тілінен тегін сабақ өткізбек. Осыдан 30 жыл бұрын Татарстанда құрылған ұйым қазақтың тілін, салт-дәстүрін дәріптеу бағытында нәтижелі жұмыс істеп жатыр. 

Татарстанда 1,5 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды. Олар іргелі оқу орындарында білім алып қана қоймай, шетелде қазақтың ұлттық өнерін де насихаттап жүр. Белсенді жастар «Шаттық» би ансамблін құрған. Алдағы уақытта журнал шығаруды да жоспарлап жүр.

Карина Қабдуллина, қазақ ұлттық-мәдени орталығы жастар қанатының жетекшісі:

Жалпы осындағы жастар үнемі бір-бірімізбен байланыстамыз. Отанды сағынған кезде әртүрлі кеш ұйымдастырамыз. Жаңадан келген студенттерге көмектесеміз. Миграциялық есепке тұру және басқа да осындай шаруаларына қолдау көрсетеміз. Барлығымыз бөлек-бөлек оқу орнында білім алып жатсақ та, ынтымағымыз жақсы.

Татарстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығы мыңдаған адамның басын біріктірген ұйым. Оған тек Қазанда тұратын емес, республиканың өзге өңірінде тұратын қазақтар да мүше. Алдағы мақсат - ұйым ішінде қазақ тілі үйірмелерін ашу.

Ирек Шарипов, Татарстандағы достық үйінің директоры:

Қазақ қоғамы – Татарстан халықтары ассамблеясын құрушылардың бірі. Қандай мәселе болса, бірлесіп шешеміз. Жалпы біз Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың басын біріктірген үздік модельден үлгі алдық. Кейін сондай ұйымды елімізде аштық.

Бүгінде Татарстанда 250-ден астам ұлттық мәдени бірлестік бар. 13 Достық үйі жұмыс істеп тұр. Республикада қазақ ақындарының шығармаларын насихаттап, жыр мүшәйраларын өткізу дәстүрге айналған.


Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу