Биыл 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің Бас сардары Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл.
Халық батырының мерейтойы қарсаңында «Амангелді Иман» қоғамдық қоры мерекелік брендбуктың таныстырылымын өткізді. Авторы Қазақстан суретшілер одағының мүшесі – Алмас Сырғабай. Ол кәдесыйларға салынған логотиптерді компьютерлік графиканы қолдану арқылы «Digital art» стилінде салып шыққан. Сурет екі нұсқада ұсынылып отыр. Біріншісі - қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің жасаған портретінің негізінде. Екіншісі Алматыдағы алғашқы атты мүсін «Амангелді Иманов» ескерткішін негізге ала отырып жасалған. Қор төрағасы Толқын Сұлтан мерейтой шеңберінде мәдени-рухани, спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланып отырғанын айтады. Соның бірі – батырдың туған күні, 3 сәуірде өтетін ғылыми-практикалық конференция.
Толқын Сұлтан, «Амангелді Иман» қоғамдық қорының төрағасы:
Сол күні Қостанай облысының Мәдениет басқармасына қатысы бар музейлерден осы Ұлт-азаттық көтеріліске қатысты жәдігерлер келеді. Сол жәдігерлерді арнайы алып келіп, Ұлттық музейге бір ай көрме қоямыз деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ «Батырдың биік тұлғасы» атты үлкен Амангелді Имановқа арналған сонау 60-70 жыл бұрынғы әндерден академиялық кеш ұйымдастырғалы отырмыз.