Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы рекордтық деңгейге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы рекордтық деңгейге жетті

18.01.2023

Қазақстан мен Түркия арасында барлық деңгейдегі қарым-қатынас жыл өткен сайын жанданып келеді. Бүгінге дейін Түркияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 5 млрд долларға жуықтаған. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Бауырлас елдер арасындағы барыс-келіс пен алыс-берісті арттыруда Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығының да үлесі зор. Қазақстандық дипломаттардың атсалысуымен 2021 жылы Түркия инвесторлары Қазақстан экономикасына 680 млн доллар қаржы құйған. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Бұдан бөлек жалпы құны 2,5 млрд долларға жететін 25 жоба жүзеге асырылып жатыр. Елімізде бүгінгі таңда 4 мыңдай түрік компаниясы жұмыс істеп тұр. Ал 30 жыл ішінде түрік капиталының қатысуымен 61 ірі жоба жүзеге асқан. 

Әлім Байел, Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулы:
Ыстамбұл тоғыз жолдың торабындағы алып шаһар. Бұл қаланың маңызы еліміз үшін де күннен-күнге артып келеді. Қазақстан үшін бұл өте үлкен транзиттік хаб болып отыр. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету. Бұл салада біз өте үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз соңғы 3-4 жылда. Мәселен, 2022 жылы екіжақты саудамыз 6 млрд доллардан асып түседі деген болжам бар. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу