Биылғы қыс Жетісу облысының малшыларын қыспаққа алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы қыс Жетісу облысының малшыларын қыспаққа алды

16.01.2023

Биылғы қыс Жетісу облысының малшы қауымын да қыспаққа алды. Қалың қар мен қақаған аязда төрт түлікті өрістету де қиын болып тұр.

Десе де шаруалар қыстың қамын жаз ойлап, мал азығын молынан дайындаған. Өңір бойынша 2 млн тоннаға жуық жем-шөп бастырылған. 

Мұсабек ауылына қарасты бұл шаруашылық осыдан 20 жыл бұрын құрылған. Жайылым жерлерді 49 жылға жалға алып, бірден жылқы мен сиыр, қой басын еселеуге кірісті. Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп, ата кәсіпті дамытуға тырысып бағуда.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Алдыңғы жылдардағы қуаңшылық шопандар қауымын біраз әбігерге салды. Себебі қырда шөп аз шықты. Сондықтан арасында осылай жем-шөп беруге тура келіп тұр.

Қыстаудағы мал азығы артығымен дайындалғанымен, шопандар қыс ұзаққа созылып кете ме деп алаңдаулы. Малдың күйін кетіріп алмау үшін жем-шөпті де әдеттегіден көбірек беруге тырысып жатыр. 20 жылға жуық тәжірбиесі бар аға шопан Болатбек Сейітов биыл мал ит-құстан аман деп отыр.

Болатбек Сейітов, аға шопан:

Ит-құстан тыныш. Ит-құс көрмедім. Басқа енді тыныш, жан-жақтағы көршілер аман-есенбіз бәріміз. Ондай ештеңе жоқ. Жерде шөп жоқ боп тұр ғой. Табиғатқа байланысты енді ол.

Шарушылықта қазір 200-ден астам жылқы, бір отар қой бар. Мұндағы малға 4-5 адам бас көз. Ең бастысы малшының жағдайы дұрыс болса, төрт түлік саны да өседі дейді, қожалық басшысы.

Мұратбек Қашқаров, шаруа қожалығының жетекшісі:

Марттың 15-інде қой қоздау басталады. Соған шейін бәрін қамтамасыз етіп қойғанбыз. Уақытында жалақыны беріп жатырмыз, қойшыларымызға, жұмысшыларымызға. Азық-түлігін әкеліп беріп жатырмыз.

Ауданда мал ұрлығын болдырмау үшін қыстақ басына учаскелік инспекторлар да келіп, малшы жағдайын біліп тұрады. Жергілікті билік өкілдері де шаруалардың қыстан аман шығуы үшін бар мүмкіндіктерді қарастырып жатыр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу