2035 жылға қарай елімізде 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады. Қазақстан климатты сақтап, табиғи энергия алу саласында көш бастау үшін инвесторларға заңды тұрғыда қолайлы база қалыптастырып жатыр. «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінде Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді. Қазақстанның жері, климаты күн мен желден баламалы қуат көзін игеруге тиімді деп санайды сарапшылар.
Ақерке Бектас, тілші:
Соңғы он жылда баламалы энергия көздері туралы жиі айтылып жүргенімен, дүниежүзі дәстүрлі қуат көзінен әзірге бас тартпайтын секілді. Дегенмен әлем энергия тапшылығына тап болғалы қашан. Мәселен, Еуропа елдерінің қазір энергетикалық дағдарысты өткеріп жатқанын білеміз. Былтыр Еуропада көгілдір отын 5 есе, электрэнергиясы 10 есе қымбаттады. Бұл әсіресе энергетика секторына ауыр соққы болды. Салдарынан мыңдаған шағын кәсіпорын, зауыттар жабылып қалғаны есте. Олар кешке тіпті көшедегі тас жолдардағы шамдарды өшіруге мәжбүр. Ал бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев да алдағы он жылда Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болатынын айтқан еді. Сондықтан жасыл энергияға көшу мәселесі Қазақстан үшін де өте өзекті. Алайда жаңартылатын энергия саласындағы өнертабыс аз емес. Жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылатын тұрақты даму апталығы саммиті осының дәлелі.
Президент колумбиялық мектепке «Заид тұрақтылық сыйлығын» табыс етті. Global High Schools номинациясы бойынша жеңіске жеткен өрендер 3 миллион доллар жүлде қорын да ұтып алды. 2009 жылдан бері әлем бойынша 96 адам осы сыйлықтың иегері атанған.
Ақерке Бектас, тілші:
2020 жылдан кейін Әмірліктерге екінші рет ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаев осы саммитте Қазақстанның Париж келісімін алғашқылардың бірі болып қабылдағанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің электр энергиямыздың 70%-ға жуығы көмір есебінен өндірілетінін ескере отырып,еліміздің өнеркәсібі мен экономикасында шын мәнінде елеулі құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыру керек. Біздің жаңа экологиялық кодексіміз-- өнеркәсіптік корпорациялардың жаңа энергетика саласына біртіндеп көшуін ынталандырады.
Дүниежүзін тек энергетика тапшылығы ғана алаңдатып отырған жоқ. Тұщы су мәселесі де өзекті қазір. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2050 жылға қарай 5 миллиардтан аса адам су тапшылығынан зардап шегуі мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұның бәрі тек саяси шешімдерді ғана емес, басқа да жедел әрі тиімді шаралар қабылдауды талап етеді. Планетамызды сақтау үшін бұрын-соңды болмаған мөлшерде қаржылай инвестиция құю керек.
Диверсификация сол үшін де маңызды. Экономиканы әр тараптан түсетін пайдаға байлау қажет деп есептейді,- физика-математика ғылымдарының докторы Қанат Байғарин.
Қанат Байғарин, физика-математика ғылымдарының докторы:
Бүгін бізде халықаралық нарыққа сата алатын мұнай да, газ да, көмір де бар. Бірақ олар ертең болмайды. Тапшылықтан бұрын энергияның бұл түріне сұраныс та азаюы мүмкін. Өйткені бұл қоршаған ортаға қалдық шығарады. Қазақстан неғұрлым күннен, желден өзге табиғи көзден қуат табатын болса, соғұрлым әлем нарығындағы орнын сақтап қалады.
Ақерке Бектас, тілші:
Жалпы Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның таяу шығыстағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Арадағы сауда айналымы былтыр 610 млн доллардан асқан. Байланыс Қазақстан үшін ғана емес, Әмірлік үшін де табысты болып отыр. Өйткені бұл мемлекет Қазақстанмен байланысын арттыру арқылы Орталық Азиядағы ықпалын кеңейтуді көздейді. Әсіресе соңғы жылдары Орталық Азия аймағының халықаралық мәселелер жиі қаралатын маңызды алаңға айналғанын ескерсек, бұл сапар Қазақстанның да аймақтағы ықпалын арттыратыны сөзсіз.
Біріккен Араб Әмірліктері Жасыл энергияға да қатысты Қазақстандағы жобаларға инвестиция салып жүр. Мысалы, елімізде жаңартылатын энергия саласында алдағы уақытта 48 нысан іске қосылады. Соның бірқатарына Әмірлік қаржықұйған. Жел мен күннен қуат алатын станциялар қазір Ақмола, Жамбыл облыстарында жұмыс істеп тұр.
Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласының сарапшысы:
Дубай көшбасшы әмірлік. Оның 60-70 пайыз кірісі туризмнен келеді қазір. Олардағы капитал. Дүниедегі қорлары 1 трлнға жуық ақшасы бар. Олар қызығушылық танытқан жобаларға инвестиция құюға қарсы емес.
Ақерке Бектас, тілші:
Айта кетейік, өткен аптадан бері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян бірқатар мемлекет басшысымен кездесіп үлгерді. Бірнеше күн бұрын Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль де ресми сапармен келіп, тараптар 30 млрд доллар инвестиция құюға келіскен. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында да бірқатар маңызды жобаны бірлесіп іске асыру көзделіп отыр.
Абу-Дабидегі саммитті Масдар компаниясы ұйымдастырып жатыр. Масдар Қазақстан нарығында да жұмыс істейді. Арадағы байланысқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 жыл бұрынғы сапары кезінде қол жеткізген келісімдер серпін берді. Компания Түркістан, Жамбыл және Алматы облысында 1000 МВт күн фотоэлектрлік жобаларын іске асыру үшін инвестиция құюға ұсыныс жіберді. Қазір компания Әмірлік астанасынан 17 шақырым жерде жаңа қала тұрғызып жатыр.
Крис Ван, «Masdar City» компаниясы директорының орынбасары:
Біз экологиялық, әлеуметтік тұрақтылық және ең бастысы экономикалық тұрақтылық идеясын ұстанамыз. Мұның бәрі біздің болашақтағы жаңа мекенімізді құру үшін қажет. Жылдар бойы жүргізілген зерттеулер, әдіс-тәсілдер, технологияларды қолдану арқылы біз қоршаған ортаға бірде-бір зиянды қалдық шығармайтын қала тұрғызып жатырмыз.
Экологиялық таза қаланы біз де аралап көрдік. Қазір онда 2,5 мың адам тұрып жатыр. 10 мыңға жуық азамат жұмыс істейді. Қаланы жобалау ісіне жетекші болған Крис Ван бірнеше жылда үйлер пайдалануға берілсе, тұрғындар көбейетінін айтады.
Ақерке Бектас, тілші:
Масдар – шөл далада салынып жатқан эко қала. Әрі дүниежүзінде көміртектен бас тартқан алғашқы шаһар. 17 жыл бұрын құрылысы басталған қала тек табиғи энергия көзімен жабдықталған. Мұнай, газ, көмірдің орнына қуатты күн мен желден алады. Мысалы, күндіз аптап ыстықтан қорғайтын мынадай қалқандар, сол жинаған энергия арқылы түнде қалаға жарық береді.
Қаладан тіпті жанар-жағармаймен жүретін көлікті де кездестірмейміз. Адамдар электромобильмен қатынайды.
Ақерке Бектас