Мемлекет басшысы Непал президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Непал президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

16.01.2023

Мемлекет басшысы Непал президенті Бидхья Деви Бхандариге көңіл айту жеделхатын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Покхара қаласының маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы қайғылы хабарды күйзеліспен қабылдады.

Мемлекет басшысы жеделхатта Непал президентіне және қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ал Непалда ұшақ апатына қатысты қаралы күн жарияланды.

Непалда ұшақ апатынан 68 адам қаза тауып, төртеуі жоғалып кетті. Жалпы алғанда, бортта 72 адам болған. Трагедияға байланысты елде қаралы күн жарияланды. «Йети Эйрлайнс» компаниясының АРТ-72 ұшағы Покхара қаласынан мемлекет астанасы Катмандуға барып, халықаралық әуежайға қонарда құлады. Апаттың себебі әлі белгісіз. Жексенбі күні таңертең мұнда күн ашық болған.

Мехмуд Хан, куәгер:

Біз қатты дүрсілді естідік және не болғанын көру үшін террасамызға жүгірдік. Көк түтін көтерілді, әуе кемесінің апатқа ұшырағанын түсініп, оқиға орнына бардық. Дегенмен мен ол жерге тым жақындамадым. Ал досым тірі қалғандарды іздеу үшін аласа төбешіктен төмен түсіп, кем дегенде 35 адамның мәйітін алып шықты.

Жан тәсілім еткендердің көбі – непалдықтар. Сонымен қатар Ресейдің төрт азаматы мен австралиялық, кореялық, ирландиялық, франциялық, аргентиналық жолаушылар да мерт болды. Қаза тапқандардың ішінде пилот Анжу Хативада бар.

Оның жұбайы 2006 жылы дәл осындай авиациялық апаттан опат болған. Іздеу-құтқару операциясы бүгін қайта жалғасты. Оған жүздеген адам тартылып отыр.

Пушпа Камал Дахал, Непал премьер-министрі:

Қайғылы оқиға болды. Құтқару операцияларына барлық күштерді жұмылдырдық. Қазір тергеу де жүріп жатыр. Мен министрлер кабинетінің төтенше отырысын шақырдым.

Әлемдегі 14 тау шыңының сегізі орналасқан Непалда мұндай оқиғалар бірнеше рет болды. Жексенбідегі трагедия – 1992 жылдан бергі ең үлкен ұшақ апаты. Осыдан отыз жылдам астам уақыт бұрын мұнда Пәкістан халықаралық әуе жолдарының «Аэробусы» қыратқа соғылып, 167 адам қаза тапқан еді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу