Депутаттар АҚШ президентін тергеуге тартпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар АҚШ президентін тергеуге тартпақ

16.01.2023

АҚШ-та саяси жанжал. Конгресстің Өкілдер палатасы ел президентін тергеуге тартпақ. Бұған Байденнің жеке үйі мен кеңсесінен құпия құжаттардың табылуы себеп. Республикашыл депутаттар мен Бас прокуратураның тергеуі Ақ үй басшысына қандай кесірін тигізуі мүмкін?

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Құпия құжаттар екі жерден табылды. Бірі - өткен аптада Джо Байденнің жеке үйінің гаражынан шықса, екіншісі Пенсильвания университетіндегі «Байден» талдау орталығын қараша айында алынғаны белгілі болды. Біріншіден, бұл екінің бірі көрмеуі тиіс аса құпия мөрі бар құжаттарды Байден вице-президент болған кезде пайдаланған да кейін мұрағатқа өткізбей қойған. Екіншіден, оқу орнындағы құжаттар үш ай бұрын табылса да көпшілік енді ғана біліп отыр.

Кевин Маккарти, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:

Олар мұны сайлауға дейін білген, бірақ жасырды. Сол кезде Байден өзінің қателігін біліп тұрса да телеарнаға сұхбат бергенде, Трампты сынға алды. Олардың Президент Трамптың үйінен тәркіленген файлдардың фотосуреттерді таратқанын көрдіңіздер. Президент Байден ұстаған құжаттарының фотосуреттері қайда? Заң ортақ емес пе? Не себепті олар саяси сенімдеріне сай әрекет етеді. Бұл Америка халқын өз үкіметіне сенбеуге әкеледі.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Осы айдан батап Конгрестің Өкілдер палатасын бақылауына алған республикашыл депутаттар көп ұзамай комитет деңгейінде президентті тергеуді бастамақ. Десе де Бас прокуратура саяси нәзік істі анықтау шараларына қазірден кірісіп кетті. Демократтарға бүйрегі бұрып тұр деген сынға ұшырамас үшін Бас прокурор Байденнің ісіне қатысы дербес тергеу жүргізетін, екі партияға да қатысы жоқ арнайы прокурорды тағайындады. Бірақ, табылған құжаттардың құпиялылық дәрежесін қандай екені әзірге белгісіз. АҚШ перезиденті болса, кеңсеcінде құпия құжаттардың барын білмедім деп мәлімдеді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Заңгерлерім Пенсильвания университетіндегі кеңсемді тазалаған кезде кейбір құжаттарды құлыпталған шкафтың ішінен тапты. Олар бірден мұрағатқа хабарласып, өткізді. Мен шынымды айтсам сол кеңсеге қандай да бір мемлекеттік жазбалардың бар екенін естігенде таң қалдым.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Десе де енді Байден де экс әріптесі Трамп секілді арнайы прокурордың тергеуіне тартылады. Бірақ екеуінің жауапкершілік дәрежесі бірдей емес, дейді сарапшылар. Байден командасы құпия құжаттарды өздері тауып өткізсе, Трамп қанша сұрау салса да Ақ үйден алып кеткен құжаттарды бермей қойған еді. Сондықтан тамыз айында ФБР оның үйіне тінту жүргізіп, 100-ге жуық құпия құжатты тәркілеген. Қалай болса да бұл оқиға келер жылы қайта сайлауға түскелі отырған Джо Байденнің онсыз да шатқаяқтап тұрған беделіне үлкен нұқсан келтірмек. Себебі бәсекелестері түгілі жақтастары арасында да сексеннің сеңгіріне шыққан оның қайта сайлауға түсуін қош көрмейтіндер аз емес.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу