Дубайға кетіп хабар-ошарсыз жоғалған екі отандасымыздың тағдыры елді алаңдатып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дубайға кетіп хабар-ошарсыз жоғалған екі отандасымыздың тағдыры елді алаңдатып отыр

15.01.2023

Дубайға ақша табуға кетіп, хабар-ошарсыз жоғалған екі отандасымыздың тағдыры елді алаңдатып отыр. Ата-аналары жарты ай бұрын іздеу салған іс осы аптада ғана көпшілікке жария болды. Із-түссіз жоғалған 25 жастағы Исламбек Қазбековтің достарына жолдаған соңғы хабарламасындағы геолокациядан Мьянмада жүргені белгілі болған. Кейін Исламбек жазды деген хаттың мәтіні жарияланды. Онда ол Тайландқа жұмысқа алдап алып кетіп, үш мемлекеттің шекарасындағы «Алтын үшбұрыш» аймағы деп аталатын есірткі өндірісінің орталығына тап болғанын жазады. Әрі жанында тағы бір Қазақстан азаматы барын хабарлайды. Ол – 23 жастағы Жарас Сейіткәрім екені кейін анықталды.

Роза Әділбекова, Шетелде жоғалып кеткен Жарас Сейіткәрімнің анасы:
Біз баламыздың Тайландқа қарай өтіп кеткенін, Исламбектің мамасынан біліп отырмыз. Қаңтардың 4-і күні келіп айтты, менің балам мен сіздің балаңыз Қытайдың фирмасында переводчик боламыз деп, Бангкок арқылы Тайландқа переводчик қылып алып кеткен. Бірақ оларды алдап ұстап отыр екен...
Талғатбек Шәріпов, Шетелде жоғалып кеткен Жарас Сейіткәрімнің әкесі:
Біз Дубайда екен деп ойлап, ақша салмады, жұмыс болмай жатыр деп. Мен ең соңғы рет баламмен 28 желтоқсан сөйлестім. Бәрі жақсы, папа, билет алып 1-2 күнде қайтамын деді. Аэропортқа барғанда ақша салып жібересіздер деді. А, жарайды, бопты дедім. Содан байланыс болмады. Баламды табу керек маған...

Лесбек Айдашев, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
Олар белгілі бір мерзімге, оқуға түсуіне байланысты, ұзақ мерзімдік жұмыс бабымен, не болмаса басқа бір жағдайлармен шетелде тұру керек болатын болса, 1 айдан 1 жылға дейін, одан да көп жылдарға дейін, олар шетелге тұрақты тұруға құжаттарын рәсімдейді.

Шымкенттік Динара Ордабаева төрт жылдан бері Дубайда жұмыс істейді. Алдымен – қонақүйде, кейін әуежайда істеген, қазір ресторанда қызмет етеді. Ресми еңбек шарты бойынша жұмысқа орналасқан Динара айлық табысы 4 мың долларға дейін жететінін айтады. Ал елде жалақы аз болды дейді.

Динара Ордабаева, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі еңбек мигранты:
Бірінші айлығым Шымкенттегі – 48 мың тг болды. Ал Астанадағы ең жоғары айлығым – 150 мың тг болды. Квартираны төлеу, жұмысқа барып-қайту, кішкене продукты, соларға ғана жететін, артылмайтын.

Үй алуға жеткілікті ақша жинағаннан кейін елге оралып, ағылшын тілін үйрететін мектеп ашқым келеді дейді, Динара.

Ал 27 жастағы Самат Шакизанда Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек етіп жүр. Төрт жарым жыл болған. Ол да елдегі жалақыны азсынып, шекара асқан.

Самат Шакизанда, Оңтүстік Кореядағы еңбек мигранты:
Төрт жыл оқығаннан кейін 50-60 мыңға жұмысқа кіргің келмейді. Сөздің ашығы, ол жолыңа ғана кетіп қалады. Сөйтіп шет жақты көру керек болды. Басқа таныс балалар істеп жатты. Құрылыста біз опалубкаларды бұзамыз. 1 млн 200 мың табамыз. 1 млн жібереміз. Несиемізді жаптық, анама үй алдым.

Самат жат елде жасырын жұмыс істегеннің қаупі болса да, аса қорықпайтынын айтады. Полиция жөнсіз соқтықпайтын көрінеді. Тіпті заңсыз жүрсек те құқығымыз қорғалған дейді.

Самат Шакизанда, Оңтүстік Кореядағы еңбек мигранты:
Біздің де құқықты бұлар енгізіп қойған, қорғайды бұлар бізді де. Мында өзбектерде виза бар, қырғыздарда виза бар, Вьетнамда, Шри-ланкада, үндістерде виза бар. Қазақтарда ғана виза жоқ.

Кореядағы еңбек мигранттарына көмектесетін қор құрған Самат Ахметовтың айтуынша, бұл елде 37 мың Қазақстан азаматы бар. Оның 11 мыңнан астамы – заңсыз мигрант екен.

Самат Ахметов, «Корея көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі:
Олар әлеуметтік желіде Кореяның тамаша жерлерін ғана көрсетеді. Ал шын мәнінде олар ай далада, зауыттарда, құрылыс алаңдарында қиындықпен, еңбекақысын тауып жатыр. Ал егер екі ел арасында жұмыс визасы ашылса, онда біз осы жерде дайын жұмыс орнымен, олардың жеке бастарын сақтандырып, жақсы жалақы, әрбір 6 айда Қазақстанға барып-келетін мүмкіндіктер жасап бере алар едік.

Ол заңсыз еңбек мигранттарының осындай өтінішін екі елдің билігіне жеткізу үшін петиция жазбақ. Ал мемлекеттік орган өкілі Қазақстан азаматтарының Кореяда заңды түрде жұмыс істеуіне жол ашу үшін бірнеше жылдан бері келіссөз жүріп жатқанын айтады.

Сабыржан Сейтжанов, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің басқарма басшысы:
Қазір олар ұсыныс жасап жатыр: провинция мен облыстармен тікелей келісім жасау үшін. Бірақ ол біздің заңға сәйкес келмейді. Ұсыныстың ішінде, бұлар айтады: балық аулауға немесе күріш өндіруге, сол салаға жұмысшылар керек.
Абай Абылайұлы, заңгер, халықаралық құқық маманы:
Дамыған мемлекеттер дамушы елдермен осылай шарт жасасады. Дамыған елдер, әрине, бір-бірімен де шарттар жасасады. Онда шарттардың деңгейлері әртүрлі. Яғни тікелей рұқсатсыз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін автоматты шарттар бар, сонымен қатар рұқсат алудың процедурасын жеңілдететін шарттар бар. Мәселен, Өзбекстан мен Корея арасындағы сияқты шарттар.

Корея қазақстандықтар үшін жұмыс визасын оңайшылықпен ашпай отырғанына да себеп бар.

Самат Ахметов, «Корея көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі:
Қазақстан мен Корея арасында 2009 жылға дейін жұмыс визасы болған. Алайда сол визалық режимді бұзған Қазақстан азаматтарының көбейгеніне байланысты Корея мемлекеті Қазақстанмен келісімшартты уақытша тоқтатқан. Соған байланысты қазір Қазақстан мен Корея арасында жұмыс визасын қайта орнатуға екі мемлекет те қазір қорқып отыр. Себебі Кореяда қазір де Қазақстан төртінші орында тұр, заң бұзушылық бойынша.

Халықтың сыртқа заңсыз жұмыс істеуге кетуі – елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың индикаторы екенін айтады әлеуметтанушы.

Дулат Өтеғали, әлеуметтанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының аналитик-менеджері:
Экономикалық дағдарыс, жалақының өсуіне деген сұраныс, елдегі бірінші қажетті тауарларға бағаның өсуі, жұмыссыздық мәселесі – кешенді түрде осындай әрекеттерге итермелейді. Ең бірінші мотив болатын нәрсе – бірінші барған толған. Олардың жақсы тәжірибесін көреді де, олардың табыс деңгейі өскені, отбасына көмектесіп жатқанын көріп тұрып, әрине, сол «әлсіз байланыстар» арқылы олар сол мемелекеттерге барады.

Көші-қон комитеті мигранттарға қатысты бүкіл мемлекеттік органдардың есебін біріктіретін «Құтты мекен» атты ақпараттық жүйе ашқалы жатқан көрінеді. Сонда қай елде қанша азамат жүргенін, әлеуметтік портретін нақты біле бастаймыз дейді, комитет өкілі. Әзірге жобалап айтты.

Сабыржан Сейтжанов, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің басқарма басшысы:
Әлеуметтік портреті: ол ер адам, 18 жастан бастап 50 жасқа дейін. Орта немесе кәсіптік білімді. Алматы облысы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының азаматтары көбінесе барады.

Жұмыссыздық деңгейі бойынша статистикаға қарасақ, министрлік өкілі атаған өңірлер көш бастап тұр. Бұл облыстардың халқы тығыз, өсімі де жоғары. Мұндайда «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» - деген сөз ойға орала береді...

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу