Ресей сенбіде Украина аумағына зымырандармен жойқын соққы берді. Днепр қаласында көпқабатты тұрғын үйге снаряд құлады. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Шабуылдан елдің энергетикалық нысандарына тағы зақым келген. Жарықсыз, жылусыз қалған халыққа көмек ретінде Қазақстан кәсіпкерлері алдымен Буча қаласында, сосын Киев орталығында киіз үй тікті. Қалада жарық сөніп қалғанда тұрғындар осы пункттерге барып, жылынып, автономды құрылғы арқылы телефондарын қуаттай алады.
Бұл бастамаға Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова назар аударып, Қазақстан тарапынан ресми комментарий күтетінін мәлімдеген еді. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров былай жауап берді: «Бұл - Украина халқына көмектескісі келген кәсіпкерлердің бастамасы. Киіз үйді өздері жеткізіп, құрды. Өз қалтасынан көмектесіп жатыр. Бұдан мәселе көріп отырған жоқпыз. Киіз үй — көшпенділер үйі, жеңіл жиналады, экологиялық таза бұйым. Оған қатысты жеке пікір берудің қажеті жоқ деп ойлаймыз» - деп мәлімдеді.
Сенбіде Ресей күштері Украинаға 38 зымыран жіберген. Жергілікті әскер олардың 25-ін әуеде жойды. Алайда Х-22 ракетасын атып құлата алмағандарын мәлімдеді. Дәл осы снаряд Днепрдегі көпқабатты тұрғын үйге түссе керек. Украина әскерінің мәлімдеуінше, өздерінде аталған ракетаны атып түсіретін қару жоқ. Шабуылдан тұрғын үйдің бір бөлігі қирап, 18 тұрғын мерт болды. Осыған орай Днепрде үш күн қаралы деп жарияланды. Зымыран соққысынан 73 адам жараланған. Бүгін түскен мәліметке сай, тағы 40 адамды іздеу-құтқару жұмысы жалғасып жатыр.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
Өкінішке қарай, энергетикалық инфрақұрылым нысандары да соққыға ұшырады. Харковь, Киев облысында жағдай өте күрделі. Жөндеу бригадалары электр қуатын тез арада қалпына келтіру үшін барын салып, күні-түні жұмыс істеп жатыр.
Ал Донецк облысындағы Соледарға қатысты түрлі ақпарат жарияланып жатыр. Ресей тарапы жұма күні қаланы толық бақылауға алғанын мәлімдеген еді. Ведомство алғаш рет «Вагнер» тобының Соледар үшін ұрысқа қатысқанын да мойындады.
Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:
Соледарды босату аяқталды. Қала Донецк бағытына шабуылды жалғастыру үшін маңызды. Соледарды бақылауға алу Бахмуттағы Украина әскеріне құрал-жабдық жеткізу жолын кесуге, онда қалған Украина әскерінің бөлімшесін қоршап алуға мүмкіндік береді.
Дегенмен Украина президенті мен қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, қала үшін қиянкескі шайқас әлі жалғасып жатыр деп мәлімдеді. Бірқатар әскери сарапшылардың пікірінше, Соледар шағын ғана қалашық болғандықтан, Ресей әскері үшін оның айтарлықтай маңызы жоқ. Алайда, Мәскеуге қазір мардымсыз болса да, әйтеуір бір жеңісті жариялау қажет болып тұр. Өйткені, ресейліктер жаздың соңынан бері Украинада қайта-қайта жеңіліске ұшырап, ақпанның 24-нен бері басып алған территориялардың 40 пайызға жуығынан айрылып қалды деген пікірлер бар.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
Ресейді тоқтата аламыз ба? Иә. Мұны Украинадағы ұрыс даласынан басқа жерде жүзеге асыру мүмкін бе? Өкініше қарай, жоқ. Ресейді біздің жерімізде, әуеде, теңізде тоқтату үшін серіктестеріміздің қоймаларында тұрған қару-жарақ керек.
Сенбідегі жойқын шабуылдан кейін Ұлыбритания Киевке танкілер мен артиллерия кешенін беруге уәде етті. Таяу арада Украина армиясына Британиядан «Чэлленджер-2» танкілерінің 14 данасы жеткізіледі. Мұндай заманауи қуатты танк жергілікті армияның арсеналында жоқ. Бұған қоса алдағы аптада Батыс елдері Германияның Рамштайн қаласында Киевке қару-жарақ беруге қатысты шешуші отырыс өткізбек.
Арай Төлегенқызы