Әлемнің автосүйер қауымы Бельгияға ағылып жатыр. Ел астанасы Брюссельде халықаралық автокөрме ашылды. Осымен 100-рет өткізіліп отырған автошоуға әйгілі концерндер соңғы үлгідегі темір тұлпарларын қойған. Жайдақ, жол талғамайтын, спорттық үлгідегіден бөлек, электрлі, гибридті көліктердің де түр-түрі жұрт назарында.
Пандемияның кесірінен екі жыл ұйымдастырылмаған автосалонның бұл 100 жылдық мерейтойы. Қарт құрлықта энергетикалық дағдарыс өршіп тұрғандықтан павильондарға тоқты мейлінше үнемдейтін диодты шамдар орнатылған. Көрме залы бұрын 12 болатын. Бәрін жылыту қымбатқа түсетін болған соң биыл 6-ға қысқартқан. Әлемнің 55 концерні шығарған темір тұлпарларды көппен бірге Бельгия королі Филипп те тамашалады. Биылғы жылдың басты жаңалығы мына «Opel Astra electric». 100 пайыз тоқпен жүретін көліктің қуаты 156 аттың күшіне тең.
Дидье Блокланд, компания өкілі:
Су жаңа «Opel Astra»-ның жылдамдығы сағатына 170 шақырым. Нарықта өз орнын табады деген үміттеміз. Соңғы екі жыл автоөндіріс үшін қиын болды. Қазір жағдай түзеліп келеді. Биыл тапсырысты дер кезінде жеткіземіз деген үміттеміз.
Немістердің басты бәсекелесі жапондық концерннің бұл жаһандық премьерасы, «Mazda MX-30 R-EV». Гибридті көлікке роторлы піспекті қозғалтқыш орнатылған. 600 шақырымға жүруге қауқарлы.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Француздар көпшілікті мына «Citroen Oli» көлігімен тамсантты. Дизайны ерекше электрокардың салмағы бір тоннаға жетер жетпес. Төбесі, капоты картоннан, қайта өңделген материалдардан жасалған. Толық қуаты 400 шақырымға жетеді. Бастапқы құны 20 мың еуро. Көпшілік тарапынан сұраныс көп болса, биылғы жылдың екінші жартысында сатылымға шығарылады.
Соңғы шыққан «Honda jazz», «Ford Bronco», «Nisan X-Trail»-ді көпшілік осы көрмеден көрді. Еуропа нарығын жаулаудан дәмелі қытайлар Beijing X 5-імен мақтанды.
Бруно Ларус, Женева қаласының тұрғыны:
Қазір көліктің дені тоқпен жүреді. Алайын десем, бағасы қымбат, тоқ та қымбаттап кетті. Тиімсіз. Сондықтан, өзім үйренген ескі көліктердің бірін таңдаймын.
Бенуа Дешами, Брюссель қаласының тұрғыны:
2035 жылдан бастап Еуропада бензин, дизельмен жүретін көліктер шығарылмайды. Электоркар алу керек. Ол үшін бағасын қолжетімді етіп, зарядттайтын стансаларды көбейту қажет.
Мерейтойдың құрметіне 100 жылдағы ең үздік 15 көлік те көпшіліктің назарына ұсынылды. Ұйымдастырушылар 9 күнге созылатын автосалонды 400 мыңға жуық адам тамашалайды деп отыр. Автоөндірушілер де көпшілік құр қол қайтпай, қос-қос көлік мініп кетеді деген үмітте.
Нұрсұлу Қасым