Түркістан облысының Жетісай ауданындағы ауыл тұрғындары жолдарды қардан асарлатып тазалап, көктайғақ болмас үшін құм шашты. Биыл аймақта қар қалың жауып, коммуналдық мекеме жұмысы қиындады. Осыны байқаған Сайлау ауылының жігіттері жиналып, бірнеше елдімекен арасындағы жолға құм тастады. Осылайша көктайғақта көлікпен қорықпай жүруге жағдай жасады. Игі бастаманы Асық ата кентінің тұрғындары да жалғастырды.
Сәрсенбай Айтбаев, Сайлау ауылының тұрғыны:
150 баладай ауылымыздан шықты. Осы 150 баланың 70-80 баласы ауылды тазалап, ауылға сеуіп шықты. 70-80 бала мына жолға шықтық. Биылғы қардың қатты болуына байланысты мына үкіметке арқа сүйей бермей, жолда жүргізушілерге жақсы жағдайық деп бірігіп, асармен осы жолға құм тастадық.
Аудандағы коммуналдық шаруашылық қызметкерлері де қол қусырып отырған жоқ. Қар жауған алғашқы күннен бастап Жетісай қаласы мен барлық ауылдық округтегі көше мен әлеуметтік нысандарға баратын жолдарды қардан тазалауға кіріскен. Бұл жұмысқа аудан бойынша 500-ден аса адам жұмылдырылған. Оларға жергілікті тұрғындар да көмектесіп жатыр. Шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер қар тазалау үшін техникаларын жіберген.
Берік Мәмбетов, Жетісай аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
80 камаз қар тазаланып, сыртқа шығарылды егістік жерге. Сонымен қатар 60 тоннаға жуық тұз аралас құм елдімекенішілік және қалаішілік жолдарға себілді. Қазіргі таңда тұрақты, күнделікті құм, тұз себу жұмыстары жүргізілуде.
Айнұр Ақбаева