Түркістан облысында 1500 бала суық сыныпта оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 1500 бала суық сыныпта оқуға мәжбүр

12.01.2023

Мектеп күрделі жөндеуден өтсе де, оқушылар мен мұғалімдер сыныпта сырт киіммен отыруға мәжбүр. Түркістан облысының Шарапхана ауылында дәл қазір осындай жағдай болып тұр. Мектепті жөндеуге бюджеттен 135 миллион теңгеге бөлінген. Бірақ, жылу жүйесі сапасыз жүргізілгендіктен балалар азынаған суық сыныпта білім алып жатыр. 

Қыс басталғалы мектеп білім беру ұясы емес, балалардың шыдамдылығын сынайтын орынға айналды. Ұстаздардан бастап балаларға дейін сырт киімін шешпейді. Әсіресе таңертеңгі алғашқы сабақта суық сүйегіңнен өтеді. Терезелерге қырау тұрып, аязбен өрнектелген.

Сайлау Әбдіқадыр, оқушы:
Кластың тең жартысы келеді. Қалғаны суық болған соң келмейді. Азанда келсең суық. Түсте күн жылынғанда ғана курткамызды шешеміз.

Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин есімін иемденген орта мектептегі 1 жарым мың бала қазір осындай күйде білім алып жатыр. Күрделі жөндеуден соң ескінің өзі арман болып қалды. Бұрынғы шойын батареялардың орнын алюминий алмастырды. Оның өзін үнемдеп әр терезенің астына 3-4 бөліктен ғана қойып шыққан.

Ғани Қалмаханов, тілші:
Спорт залы мектептің ең салқын жері. Мына қаз-қатар қойылған батареялардың өзі еңселі ғимараттың ішін жылытуға шамасы келетін емес. Қазір мұндағы ауа температурасы небәрі 8 градустың төңірегінде ғана.

Ала жаздай жабық тұрған мектепке жөндеу осыдан екі ай бұрын ғана жүргізілді. Тірлікті шала шарпы атқарған мердігер қабырғаны тескен орындарын да бітемей кеткен. Жұқа батареялардың алды майысып, сынғалы тұр.

Мұратбек Бердібеков, ауыл тұрғыны:
Жылу қазандығының қысымға шамасы келмейді. Пластикалық құбырлар толқындалып майсып кеткен.

Қазығұрт аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы жылу жүйесінің нашарлығы жобалау кезінде жіберілген қателіктен деп отыр. Ауыл белсенділері мен тапсырыс беруші жылу батареяларының саны талапқа сай емес екенін сол кезде мердігерге айтып, қарсы болған. Алайда жобаға сүйенген құрылысшылар одан ауытқымай істі атқарып шыққан.

Асан Үйсінбеков, Қазығұрт аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
Жұмыс атқарған мердігердің 5 жылдық кепіл хаты бар. Сыныптар, мектеп жылымаса онда қосымша батарея қойып береді. Келешекте ол оң шешімін табады.

Мердігердің шала тірлігі тек жылу жүйесі емес. Жаңа соғылған қосымша ғимараттың шатыры дұрыс жабылмағандықтан төбесінен су тамшылап тұр. Қыс болғанда төселген асфальт пен кафель көп өтпей-ақ уатылып кетті. Оның бәрін қалпына келтіру үшін енді күннің жылынғанын күткеннен басқа амал жоқ. Ал суыққа байланысты мектепте сабақ уақыты 15 минутқа қысқарды.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу