Астанада соңғы екі тәулікте 166 адам көктайғақтан зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада соңғы екі тәулікте 166 адам көктайғақтан зардап шекті

12.01.2023

Жыл басынан Солтүстік Қазақстанда 12 адамды үсік шалды. Олардың төртеуі ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер 2 науқастың өмірін сақтап қалу үшін үсіген қол-аяғына ампутация жасауға мәжбүр болды. Мамандардың айтуынша, үсіген адамдардың басым көпшілігі мас күйде далада жатып қалған. Сонымен қатар, соңғы екі аптада Петропавлдағы жедел медициналық жәрдем ауруханасы жарақат алған 400 адамды қабылдаған.

Павлодар мен Ақмола облыстарында да ауа райы күрт бұзылып, боран басталды. Соған байланысты Астана-Ерейментау-Шідерті бағытындағы жол жабылды. Қазір Елордадан шыға беріс және Павлодар облысы шекарасынан көліктердің барлық түрі кері қайтарылып жатыр. Жолға жауапты мекемелер және полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшірілді. Естеріңізге сала кетейік, жолға шығуға тиым салынған хабарламаны елемеген жүргізушілерге 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамалады.

Ал Шығыс Қазақстанда биыл қар қалың. Облыстағы кейбір жол бойындағы қар биіктігі 2-3 метрден асады.

Ал елордада соңғы екі тәулікте 166 адам көктайғақтан зардап шекті. Ай басынан бері ғана түрлі жарақатпен ауруханаға түскендер саны 900-ге жуықтаған. Соңғы кезде ауа райы күрт суып, көшелер көк мұзға айналғаны белгілі. Дәрігерлердің дерегінше, 200-ге жуық тұрғын көшеде тайып жығылған. Науқастардың көбі жеңіл жараланғанмен, операция жасауға тура келетін ауыр жағдайлар да жетерлік. Сондықтан мамандар далаға шыққанда аса абай болуға кеңес береді. 

Досбол Ғалым, №5 Травматология бөлімшесінің дәрігері:
Сақтық шараларына өте қатты баса мән беру керек. Өзіне ыңғайлы аяқ киім кию керек. Тазаланбаған жерлер арқылы жүрмеу керек. Сосын құлаған кезде ыңғайлы, яғни шынтағын тіремей, артқа немесе екі жанға құлаған дұрыс болады.

Ауа райының күрт суытуына байланысты қарағандылық курьерлер тапсырысты тез жеткізу үшін аяқ киімді конькиге алмастырған. Бұл эстафетаны астана тұрғындары да жалғастырды. Дегенмен, мұндай әрекетті қайталау қауіпті. 

Ал, бұл таңғажайып құбылысты Павлодар облысы Ақтоғай ауданының тұрғындары түсірген. Күн батқанда мұз кристалдары секілді жарық пайда болып, олар әртүрлі түске боялған. 

Дарын Сағитов 



Хабарламаларға жазылу