Петропавл мектептеріндегі ыстық тамақ ақысы 1 жыл ішінде 2 рет қымбаттады. Келер дүйсенбіден бастап кәсіпкерлер бағаны 500-ден 550 теңгеге тағы көтермек. Бұлай істеуге бизнес өкілдерінің өз уәжі бар. Ал ата-аналар бағаның тұрақты болғанын талап етіп отыр.
Эльмира Кәленова, тілші:
Біз қазір Қожаберген жырау атындағы 6-шы орта мектептің асханасындамыз. 500 теңгеге қандай тамақ келетінін білу үшін мен де, оқуышылармен бірге кезекке тұрдым. Өздеріңіз көріп тұрғандай ет, қарақұмық, нан мен шырын алдым.
Айбар даярлық тобында оқиды. Өзінен үлкен ағасы бар. Олардың анасы мектептегі ыстық тамақ бағасының тағы көтерілетіне қарсы.
Гүлбаршын Қожамжарова, қала тұрғыны:
Жейтін тамақтарының негізгі бағасы менің білуімше қымбаттаған жоқ. 550 теңгеге екі балам оқиды, екеуіне мен 1100 теңге күніне төлейтін болсам қиын.
Қала мектептерінде 20-ға жуық кәсіпкер жұмыс істейді. Барлығы бірауыздан бағаны көтереміз деп отыр.
Әнел Тілемесова, кәсіпкер:
500 теңгеге ары қарай тамақтандыруға мүмкіндік жоқ. Өйткені енді өздеріңіз білесіздер, қымбаттап жатыр. Инфляцияға байланысты. Жұмыс істеп жатқан адамдарға да жалақыны төлеу керек, коммуналдық төлемдер бар. Оның да бағалары енді өсіп жатыр ғой.
Қаладағы мектептерде 28 мыңға жуық оқушы бар. Олардың 2300-і түрлі әлеуметтік топқа жатады. Сондықтан әкімдік есебінен тамақтанады. Оларға арналған баға өзгеріссіз қалмақ.
Мектептегі кәсіпкерлер келер оқу жылының басында бағаны тағы да көтеріп, 600 теңгеге жеткізуді ойлап жүргендерін жасырмады. Ал қалалық білім бөлімі бұл мәселеден бейхабар екенін жеткізіп, басшылығы камераға сұхбат беруден бас тартты. Мектептердегі осы мәселе бүгін Оқу-ағарту министрлігінің алқа отырысында көтерілді. Бастауыш сынып оқушыларын күніне бір рет ыстық тамақпен тегін қамтамасыз ету қарастырылып жатқаны айтылды. Бұл үшін жыл сайын қосымша 150 млрд теңге қажет.
Эльмира Кәленова