Ресейде санкция салдарынан жұмысшы тапшылығы қатты сезіле бастады. Мамандардың айтуынша, тек құрылыс саласындағы жұмыс орындарының 60 пайызы бос тұр.
Индира Бегайдар, тілші:
Еңбек нарығындағы қазіргі жағдай мәз емес деп айтар едім. Өйткені әлемде салынған санкция бойынша бірінші орынға шыққан Ресейден жұмыс күші кетіп жатыр. Бұрын мұнда 11 млнға жуық мигрант болса, қазір олардың шамамен 40 пайызы өз еліне қайтып кеткен.
Себебі қазір жұмыс аз, жалақы мардымсыз. Қымбатшылық қысқан заманда коммуналдық төлемдер де көтеріліп кеткен. Сарапшылардың пікірінше, санкцияның кері әсері алдағы уақытта бұдан да қатты сезіледі.
Владимир Евсеев, сарапшы:
Алдағы үш жыл экономика үшін қиын болады, бюджет қысқара береді. Әлеуетіміз жоғары, ресурс бар, бірақ Ресейге қарсы салынатын санкция көбейеді деп ойлаймын. Бұл алдымен қарапайым азаматтарға кері әсер етеді.
Индира Бегайдар, тілші:
Бүгінде Ресей нарығына 3 млн жұмысшы қажет. Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды қабылдап жатыр. Яғни зейнет жасындағыларды, оқу орнын жаңадан бітіргендерді жұмысқа алып, субсидия бөлуді қарастыруда. Бірақ сарапшылар биыл елден кететіндердің саны одан әрі өсетінін айтады.