Қалың қар Шығыстағы елді әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалың қар Шығыстағы елді әбігерге салды

11.01.2023

Қалың қар Шығыстағы елді де әбігерге салды. Күршім ауданында қардан жылқының өзі тебіндей алмай қалды. Әсіресе Марқакөл өңіріндегі шекара шебіндегі ауылдарда жағдай күн сайын қиындап барады. 

Биік тау арасында қоныстанған елдімекен тұрғындары тек мал өсіріп тіршілік етіп отыр. Алайда жыл он екі ай тауда болатын жылқының өзі жайылым таппай қалды. Әсіресе Қайнарлы, Қараой, Ақжайлау, Төсқайың, Балықты-бұлақ ауылының тұрғындарына қиын болып тұр. Сондықтан мал иелері салт ат мінген адамның бойынан асатын қарда үйір-үйір жылқыны шұбыртып тау етегіне түсіріп жатыр. Жылқышылардың сөзінше, желтоқсанның соңында басталған қар, он күн тоқтамай жауған.

Асхат Уанбаев, Күршім ауданының тұрғыны:
Жайылымдық жер ондай көп емес. Малдар тебіндей алмай қала ма деген біраз қорқыныш сезімі бар. Өйткені жаңбырдан кейін аязда жердің бәрі қатып малдың тұяғы тебе алмай қала ма деп қорқамыз.

Ал Самар мен Күршім ауданы ортасындағы Бұқтырма су қоймасында мұз үстіндегі жолды тазалап жүрген трактор суға батып кетті.

Суға батқан трактордың соңынан автокөліктердің ергені байқалады. Жолаушылар түсірген видеодан мұз үстінде көлкіген суда бірнеше көлік тұр. Ал осы өткелге жауапты облыстық Автокөлік жолдары басқармасы оқыс оқиғаға қатысты ешқандай түсініктеме бермей отыр. Тек мұз үстімен жүретін жолдың жабылғанын хабаралады. Жалпы Зайсан, Күршім, Марқакөл өңірінің тұрғындары облыс орталығына қыс бойы Бұқтырма су қоймасы арқылы қатынайды.


Хабарламаларға жазылу