Энергетикалық дағдарыс: Еуропада кәсіпорындар жаппай жабылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энергетикалық дағдарыс: Еуропада кәсіпорындар жаппай жабылып жатыр

11.01.2023

Еуропа кәсіпорындары энергетикалық дағдарысқа төтеп бере алмай жабылып жатыр. Кей зауыт-фабрикалар өндірісті, штатты қысқартуға мәжбүр. Газ бен тоқтың қымбаттауы бәрінен де қарапайым халықтың қалтасын қақты. Тұрғындар құны 10 есе шарықтаған электр энергияның бағасын төлеуге қауқарсыз.

70 жастағы Жозиан әжей қымбатшылықтан әбден қажығанын айтады. Пәтерақы, коммуналдық төлемдерді төлеуден қалған тиын-тебенін тамаққа жеткізе алмай әлек. Нан мен майды қанағат тұтып отыр. Жолдасы мүгедек. Екеуінің зейнетақысы түкке жетпеген соң, зейнеткер жақында мейрамханаға еден жуушы болып жұмысқа тұрыпты.

Жозиан Мортье, зейнеткер:

Шаршап кеттім. Өмірімде мұндай қиындық көрмеп едім. Барынша үнемдесек те, тоққа үш есе қымбат төлеуге мәжбүрміз. Ақшаны үнемдейік деп қазір ыстық тамақты тек бір мезгіл ғана ішеміз.

Дельфиннің екі баласымен жылусыз, ыстық сусыз отырғанына бүгін төрт ай. Қазан айында қарызын төлей алмағаны үшін коммуналдық қызметтен қағылған. Тоқ плитасымен тамақ істеп, үйді жылытуға тырысқанымен, бөлменің температурасы 8 градустан аспайды. Суықтан, ылғалдан пәтердің қабырғасы көгеріп кеткен.

Дельфин Лагес, Брюссель қаласының тұрғыны:

Бұл денсаулыққа зиян ғой. Үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бірақ, ол түгілі тамаққа ақша жеткізу уайым маған қазір.

Биіктегілер әлеуметтің әлжуаз топтарына қаржылай көмек көрсетіп жатқандарын айтады. «Бірақ, ол теңіздегі тамшыдай» дейді тұрғындар. Сондықтан қалың жұрт қоғамдық ұйым өкілдері, қайырымды жандар таратқан азық-түлікпен жан бағуда.

Инфляция, энергетикалық дағдарыс Еуропада, Бельгияда да кедейлердің санын көбейтті. Бүгінде елдегі әр жетінші адамның қаржылық жағдайы қиын. Тұрмыстың тауқіметін тартқандар күн суытпаса, қыс қатты болмаса деп тілейді. Ауа температурасы қазір +12 градусты көрсетіп тұр. Күн жылынғалы қарт құрлықта газдың бағасы арзандады. Халық мұны жақсылыққа балап, көктемнен көп үміт күтіп отыр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу