Қызылорда облысында 3 мыңнан астам бизнес жоба қолдау тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 3 мыңнан астам бизнес жоба қолдау тапты

06.01.2023

Бауыржан Қамзаев мәрмар тастан ыдыс жуғыш жасаудың қыр-сырын былтыр сырт жақтан үйреніпті. Сосын осы бағытта бизнес жоспар жасап, 5 миллион теңгеге жуық грант жеңіп алған. Ол ақшаға керек-жарақ қондырғы сатып алып, кәсібін бастап кеткен. Бүгінде мәрмар тастан өнімнің бірнеше түрін жасап, ішкі нарыққа шығарып отыр. Жас кәсіпкер келешекте үлкен цех ашып, кәсібін кеңейтпек.

Бауыржан Қамзаев, кәсіпкер:
Ресейге қарағанда бізге қол жетімді. Екі есе бағасы арзан. Әр үйде мәрмар тастан жасалған осындай бұйым тұрса деп едім. Қолдан келетін дүние. Ерінбеу керек ең бастысы.

Ал қаладағы құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы төмен пайызбен несие алып, заманауи қондырғылар әкелді. Соның арқасында өндіріс аясын кеңейтіп, өнім түрін көбейткен. Жазда мұнда 30 адамға дейін еңбек етеді.

Жұмабек Сәдуақасов, кәсіпорын директоры:
70 миллион несие алып, Ресейден қондырғыларды әкеліп, жұмыс жасап жатырмыз. Барлық процесс автоматты түрде жұмыс жасайды. Құм, тас, су химикаттары барлығы өзінің дозаторымен салынып, сол процеске жіберіледі.

Жалпы өткен жылы облыста осындай бизнес жобаларды қаржыландыруға 20 миллиард теңгеге жуық ақша бөлініп, аймақта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе түсті.

Мәуе Сейдалиева, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:
2 мыңнан аса жоба екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының несиелерімен қаржыландырылды. Бұл мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде облысымызда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 29,5 пайызға артып, қазіргі таңда 66 мыңға жетіп отыр.

Жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына мемлекет тарапынан биыл да үлкен қолдау көрсетіледі. Тек Қызылорда облысындағы жастардың бизнес жобаларына 2,5 пайызбен несие беру үшін 1,3 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу