Қаңтар оқиғасы кезінде пайдаланылған 4 мыңнан астам қару табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы кезінде пайдаланылған 4 мыңнан астам қару табылды

05.01.2023

Қаңтар оқиғасы кезінде пайдаланылған 4 мыңнан астам қару табылды. 2 мыңға жуығы әлі іздестіріліп жатыр. Мәжілістің жалпы отырысында Ішкі істер министрлігі осындай ақпарат таратты. Парламент ғимаратында арнайы көрме ұйымдастырып, полиция департаменті мен қару-жарақ дүкендерінен ұрланған ұрыс құралдарын таныстырды.

Қару-жарақтарды полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларының нәтижесінде тапқан. Басым бөлігі - Алматы, Тараз қалаларында арнайы орынға жасырылған жерінен құқық қорғаушылардың қолына түсті. Ұзын ырғасы 4 мыңнан астам атыс құралы, 56 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Парламентте ұйымдастырылған көрмеге 170-тен астам қару жарақ қойылған. Соның өзінде арсеналдың қаншалықты бай болғанын көруімізге болады. Қарапайым тапаншадан бастап спорттық, аңшылық тіпті әскери қару жарақ та бар бұл жерде. Бүлікшілер олардың басым бөлігін ішкі істер органдарының ғимараттарын басып алу кезінде қолға түсірген. Ал олардың соққылары қаншалықты мықты болғанын мына қорғаныш құралдарына келтірілген зақымнан-ақ көруге болады.
Жеңіс Жақсылықов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы:
Майыспалы із қалдырған, яғни олар дроптық қаруларды қолданған. Яғни тесіктер қалдырған.

Бүлікшілер алғашқы күндерден бастап құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуға әрекеттенген. Бір ғана Алматы қалалық полиция департаментіне 27 рет шабуыл жасалыпты. Бірнеше нысанды өз бақылауларына да алған. Ел бойынша 25 полиция ғимараты мен 19 модульдік бекет зақымданды. Басты көздегендері - құқық қорғаушылардың қару жарағын қолға түсіру. Қызылордалық полицей Нұрбол Әбдіразақ ғимаратты басып кірмек болған бүлікшілермен бетпе-бет айқасқан. Негізгі мақсатымыз қылмыскерлерді қоймаға кіргізбеу болды дейді ол.

Нұрбол Әбдіразақ, Қызылорда қалалық ПД бөлім басшысы:
Кешқұрым 5-6-ға жақын қалалық полиция басқармасына келді бір топ адам. Сол жерге келіп, тұрған бейнекамералардың бәрін ұрып, тас лақтырып, құлатып сөндірді. Таң атқанға дейін сол жерде барлығымыз мақсатымыз қаруды халыққа жібермеу. Соны аман алып қалдық. Бізді басып ала алмағаннан кейін бізде қалада аңшы дүкендері бар. Сол аңшы дүкендерге шабуыл жасады.

Алматыдағы «Анна», «Қорған» және «Алпамыс» аңшы дүкендері ұйымдасқан түрде тоналып, олардан алынған қару алаңға жеткізілді. Барлығы 1440 атыс құралы ұрланған.

Артур Осипов, қару-жарақ дүкенінің иесі:
Менің дүкенімнен 500-ден астам қару ұрланды. Бүлікшілер бірден дүкенге кіре алмаған. Кейін арнайы техника алып келіп, бұзып кірді. Сосын қару-жарақты асықпай көліктерге тиеп алып кетті. Барлығын бейнежазбадан өзіміз көрдік. Шығынымызды мемлекет өтеп берді. Есесіне біз қауіпсіздік жүйесін бұрынғыдан да күшейте түстік.

Дегенмен қаңтарда қолданылған қарудың барлығы сол уақытта ұрланған деуге де келмейді. Мемлекеттік төңкеріс жасауға арнайы дайындалғандар бірсыпыра қаруды өздері алып келген болуы ықтимал дейді полиция қызметкерлері.

Нұриддин Дауылбаев, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басқарма басшысы:
Қару ұрланса 4 мыңнан аса біз қару тәркілеп отырмыз. Енді қазір өзіңіз көріп отырғандай біз екі есе көп қару тәркілеп отырмыз. Сол қарудың ішінде магазиннен тоналған бірақ нөмірін өшіріп тастаған қарулар бар. Табылған қарудың көбісі ескі нөмірсіз қарулар. Яғни қылмыскерлер бұрыннан бұл қаруларды дайындап жинаған ғой.
Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы:
Қызметтік және азаматтық дүкендерден ұрланған қарудың табылмаған саны 1900-ден астам ғана қалды. Қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен тиісті шаралар қолданылуда. Барлық ұрланған қаруларды табуға тырысамыз.

Іздеудегі қаруларды кей адамдар әлі сақтап отырулары да мүмкін. Сондықтан ендігі мақсат бұл қарулардың қайта қолданылуларына жол бермей тез табу дейді полиция қызметкерлері.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу