Мәжіліс ғимаратында Қаңтар оқиғасына қатысты арнайы көрме ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс ғимаратында Қаңтар оқиғасына қатысты арнайы көрме ұйымдастырылды

05.01.2023

Мәжіліс ғимаратында Қаңтар оқиғасына қатысты Бас Прокуратура, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері арнайы көрме ұйымдастырды. Онда полиция департаменті мен қару-жарақ дүкендерінен ұрланған қарулар, оқ-дәрі мен басқа да заттар қойылған. Суық қарулар Қаңтар оқиғасына қатысқан адамдардан тәркіленген.

Ел аумағында тоналған нысандар, қираған ғимараттар, өртенген көліктер бойынша арнайы фотосурет көрмесі де ұйымдастырылды. Ішкі істер министрлігінің ақпарына сай, Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған қару-жарақтың 4 мыңнан астамы табылған. 170-тен астам қару көрмеге қойылды. Басым бөлігі Алматы, Тараз қалаларында арнайы орынға жасырылған жерінен құқық қорғаушылардың қолына түсті. 2000-ға жуық қару-жарақ әлі іздестіріліп жатыр.

Нұриддин Дауылбаев,ҚР ІІМ тергеу департаментінің басқарма басшысы:

Біз екі есе көп қару тәркілеп отырмыз. Солардың ішінде магазиннен ұрланған, бірақ нөмірін өшіріп тастаған қарулар бар. Осыларды қазір біз дүкендерге тиесілі екенін дәлелдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табылған қарудың көбісі ескі нөмірсіз қарулар. Яғни қылмыскерлер бұны бұрыннан дайындап, жинаған ғой.
Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу