Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Соттың судьяларымен кездесті. Жиында ол Конституциялық сот ел өмірінде айрықша рөл атқаратын орган екенін атап өтті. Бұған дейін 27 жыл бойы табысты жұмыс істеген Конституциялық Кеңес мүшелеріне және онда еңбек еткен қызметкерлерге алғыс айтты. Өйткені Конституциялық Кеңес, Конституциялық сот болып қайта құрылғаны белгілі. Президент жаңа институттың ғимаратын аралап көріп, қазылардың жұмысына сәттілік тіледі. Құрамына 11 судья кірген сот енді барлық заңдар мен заңға сәйкес актілердің ата заңғы сәйкестігін қамтамасыз етуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, Конституциялық Сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық Сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, Прокуратура, Сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай күшейеді. Конституциялық Сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық Сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы қоғам Конституциялық соттың қызметінен оң өзгерістер күтіп отырғанын жеткізді. Әрі қазылардың өз міндетін адал атқаруы халықтың, Бұқаралық ақпарат құралдары мен халықаралық құрылымдардың жіті назарында болатынын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халқымыз қара қылды қақ жарған қазыларға ерекше құрметпен, сыйластықпен қарайды. «Тура биде туған жоқ» деп судьяларға зор үміт артады. Әрбір шешім Ата заңға сәйкес қабылдануға тиіс. Өйткені бұл, ең алдымен, еліміздің тағдырына ықпал ететін шешімдер болмақ.
Досжан Маратұлы