Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының тұрғындарына біртіндеп жарық беріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының тұрғындарына біртіндеп жарық беріле бастады

04.01.2023

Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының тұрғындарына біртіндеп жарық беріле бастады. Шағын шаһардағы орталық қазандықты электр энергиясына қосып, тұрғын үйлерге жылу беру жұмысы да жүргізіліп жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қатты дауылдан кейін Сарысу ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

Бұл дауылдан кейінгі Жаңатас қаласының келбеті. Қатты желден желден көшелерін қар басып, 70 жоғары кернеулі электр бағанасы құлаған. Салдарынан орталық жылу қазандығы істен шығып. 100-ге тарта көпқабатты түрғын үй жарық пен жылусыз қалды.

Мейрамкүл Отарбаева, қала тұрғыны:

Жылусыз тіпті мүмкін емес. Түнде үйде ұйықтау мүмкін емес. Кішкентай он айлық балам демала алмай жатыр. Телефонның байланысы да жоқ. Байланыс болса мынау ауруханаға хабарласып жедел жәрдем шақыратын.

Бұдан бөлек 313 шаруашылық, 18 әлеуметтік нысан мен 27 кәсіпорын да жылусыз, жарықсыз қалған. Инфрақұрылымы зақымданған аудандық аурухана жұмысын тоқтатты. Шұғыл медициналық жәрдем үшін қала маңындағы екі ауылда стационарлық көмек көрсететін орын дайындалған. Сонымен қатар, әкімдік ғимаратына зақым келген. Жарақат алған тұрғындар бар.

Жанар Оспанова, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Бүгінгі таңда жеті науқас тіркеліп отыр. Оның ішінде бесеуі Талас ауданында жол апатынан зақым алған. Бір баламызға ауыр зат төбесінен түсіп, жарақат алған. Қалған науқастар амбулаторияда бақылауда.

Шаһарда арнайы жұмыс тобы құрылды. Мамандар, бірінші кезекте, электр желілерін қалпына келтіруге күш салып жатыр. Өйткені тоқ берілсе қазандық пен су тарату мекемелері іске қосылады. Қазір орталық қазандық пен бірнеше тұрғын үйге электр энергиясы берілді. Енді жылыту мекемесін іске қосу керек.

Құдайберген Қорғанбаев, Облыстық энергетика басқармасының басшысы:

Жалпы мынау 220 киловольтті жоғары кернеулі подстанциясына электр энергиясы берілді. Қазіргі таңды мынау біздің өзіміздің аймақтық ішкі желілері мен электр энергиясын тарататын мекеменің қосу жұмыстары жалғасуда.

Нұрдос Болатұлы, тілші:

Бүгінде Жаңатаста төрт жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға 20 мың дана нан жеткізілді. Қаланы қалпына келтіру және тазалық жұмыстарына жергілікті 15 бригада, Тараздан тағы 10 топ жұмылдырылған. Көшелер қардан тазаланып жатыр. 15 ауыл электр энергиясына қосылып, әлеуметтік нысандарға жарық беріле бастады. Ал табиғи апаттан келген шығын көлемін арнайы құрылған комиссия есептейді.

Нұртас Болатұлы


Хабарламаларға жазылу