Шымкент қаласының оқушылары үй қояндарын өсіруді қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласының оқушылары үй қояндарын өсіруді қолға алды

04.01.2023

Жаңа жылдың белгісі ретінде жұрт жапа-тармағай қоянның суреті, маскасы мен оның бейнесіндегі сыйлықтарды сатып алып жатқанда Шымкент қаласының оқушылары үй қояндарын өсіруді қолға алды. Өйткені балалар үй жануарының бұл түрі сәттілікпен бірге толағай табыс әкеледі деген сенім артып отыр.

Мектеп ауласындағы қоянның алтай түрі. Ұстаздардың өзі жасаған шағын қорада қояндарға ерекше жағдай жасалған. Жан-жағы ашық, ұдайы желдетіліп тұрады. Үш мезгіл жем-азығы беріледі.

Пернехан Аманбай, 9-сынып оқушысы:

Мектепте «Жас экологтар» ұйымы бар. Солар арнайы кесте бойынша қояндарға күтім жасайды. Қояндар жайлы мәліметтер зерттеледі. Және оларға қандай тағам қажет және бойында қандай қасиеттер бар екенін толық зерттейміз.

«Алтай» - қоянның жылдам өсіп жетілетін тұқымы. Көжектері небәрі 4 айдың ішінде 5 келіге дейін салмақ қосады. Жылына 40-қа дейін көжек табады. Етін былай қойғанда оның үлпілдек жүнді терісінің өзіне сұраныс жоғары.

Гүлпаш Шертаева, мектеп мұғалімі:

Адамдар қоянды әлсіз, қорқақ деп ойлайды. Шын мәнісінде қояндар өте батыл әрі өзінің жауларына қарсы тұра алатын жануарлар.

Мектеп қорасындағы қояндардың қатары жаңа жылдың бастапқы күндерінде алғашқы көжектермен толықпақ.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Тұрқына қарамастан қоян өте қомағай келеді. Жеміс-көкөніс, шөптен бастап, тіпті ағаш қабықтарына дейін кеміріп жейді. Тағы бір ерекшелігі- қоян еті жұмсақ әрі адам ағзасына пайдалы.

Әдетте қоян жылы қазақ халқының есінде қуаңшылық, ауыр жыл ретінде қалған. Бірақ тарихшылар ауа райының қолайсыз жағдайлары тек қоянға тән емес. Қоян жылы уайым-қайғы артта қалатын, адамдар үшін тұрақты, тыныш жыл болмақ,-дейді.

Мәди Бесбаев, тарихшы:

Қоян жылынан адамдар үркіп, қорықпауы керек. Жұт болады дегеннен арылу керек. Өйткені қоян жылы біз үшін берекелі, табысты жыл болмақ.

Ал нумерологтардың айтуынша, қоян жылында туыстық, әріптестік қарым-қатынас күшейіп, мемлекеттердің арасындағы дипломатиялық байланыс арта түспек. Отбасын құрып, балалы болғандар саны артады. Өйткені жылдың символы қоян болса, саны – 7. Ал жеті саны қазақта киелі саналады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу