Ақтаулық Саида Құсаинова көзі көрмейтін балаларға арнап, ертегілерді брайль қарпімен жазып шықты. Ол барлығы 8 кітапша дайындаған. Оның 5-і ертегілер жиынтығынан тұрады. 2 кітапшаға балалардың сұрауымен «Түрік қағанаты» және «Моцарттың өмірбаяны» жазылған.
Енді бірін көрнекі құрал ретінде пайдалануға болады. Саида Құсаинованың жасы 30-да. Ол өзі де қос жанарынан айрылған. 2 жылдан бері облыстық кітапхананың арнаулы бөлімінде балаларға брайль қарпінде оқуды үйретіп жүр.
Саида Құсайынова, әлеуметтік қызметкер:
Балаларға арналған бұл кітапшалар қол моторикасын дамытып, олардың оқуға қызығушылығын арттырады деп сенемін. Көзі көрмесе де, оқуға құштар балалар бар. Сондай-ақ олар жаңа жылға сыйлық күтеді ғой. Осы туындыларымды сыйлап, көңілдерін көтергім келді.
Аягөз Оралбайқызы
