Президент Үкіметте бірқатар ауыс-түйіс жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Үкіметте бірқатар ауыс-түйіс жасады

04.01.2023

Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні Үкіметтегі кадрлық ауыс-түйіспен басталды. Мемлекет басшысының жарлығымен Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы лауазымына тағайындалды.

Ал Ғани Бейсембаев Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметіне келді. Бұған дейін осы лауазымды атқарған Асхат Аймағамбетов қызметінен босатылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі болып Зүлфия Сүлейменова тағайындалды. Ол былтырғы жылдың наурызынан бері министрдің орынбасары болған. Мемлекет басшысының Жарлығымен Серікқали Брекешев Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылды.

Азамат Есқараев Қазақстан Республикасының Әділет министрі болды. Бұған дейін ведомство басшысы болған Қанат Мусин Конституциялық соттың судьясы болып бекітілген еді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымына Марат Қарабаев тағайындалды. Ол 2021 жылдан бастап осы министрлікте Индустриялық даму комитетінің төрағасы болып қызмет еткен. Ал Қайырбек Өскенбаев Президент Жарлығымен қызметінен босатылды.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі де ауысты. Бұл қызметке Асхат Оралов келді. Осы уақытқа дейін сала министрі болған Дәурен Абаев Мемлекет басшысының Жарлығымен лауазымынан босатылды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенатта сөйлеген сөзінде жыл басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгеріс жасау жоспары бар екеніне тоқталған еді.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу