Конституциялық Соттың 3 судьясы тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституциялық Соттың 3 судьясы тағайындалды

30.12.2022

Конституциялық Соттың тағы 3 судьясы тағайындалды. Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары ұсынылған кандидаттарды қолдады. Олар - Қанат Мусин, Еркін Оңғарбаев және Сергей Ударцев. Үшеуі де заң және құқықтық салада ұзақ жыл еңбек еткен білікті, тәжірибелі мамандар. Конституциялық Сот судьялары келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметтеріне кіріседі. Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев ғалым, заң ғылымдарының докторы, конституциялық реформа бойынша жұмыс тобының мүшесі. Сергей Федорович Ударцев те белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы. Ғылыми зерттеу институтының директоры. Ал Қанат Сергейұлы Мусин құқықтық қорғау, әділет органдарында көп жыл еңбек етті, Парламент Мәжілісінің депутаты, комитет төрағасы болды. Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Әділет министрі лауазымынан босатылды.

Қанат Мусин, ҚР Конституциялық Сотының судьясы:
Бүгін білдірген сенім үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен жаңадан құрылған Конституциялық Сот лауазымына өзімнің бар күш-жігерімді саламын. Бұл мен үшін үлкен абырой.

Конституциялық Сотқа енді кез-келген Қазақстан азаматы жүгіне алады. Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған. Тек лауазымды тұлғалар ғана құқылы болып келген. Бұдан былай соттың рөлі күшейеді, деп отыр депутаттар.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұрын конституциялық кеңес болған кезде, кеңес шығаратын шешімдер, тіпті шешім емес қорытынды сияқты болған. Өкінішке қарай біз сот жүйесінде талай әділетсіздікті көріп отырмыз. Ендігі жолы осы әділетсіздікпен күресуге тағы бір құрал болайын деп отыр.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу