Қаңтардан бастап отандық FlyArystan лоукостерінің әуежайда тіркеуден өту ережелері өзгереді. Енді бұл қызмет ақылы болмақ. Тегін тіркелуге бола ма?
Лоукостердің меншігіндегі 14 ұшақ күн сайын өңірлер мен әлемнің бірнеше еліне мыңдаған жолаушы тасымалдайды. Салдарынан бірнеше рейстің уақыты сәйкес келіп, тіркеу созылып кететін жағдайлар жиілеген. Енді FlyArystan-ның сайтынан әуежайда тіркелу қызметін алсаңыз оның құны 500 теңге, ал әуежайда тіркелу 1000 теңге болмақ. Алайда әуекомпания өкілдері артық шығындалмай, FlyArystan.com немесе арнайы мобильді қосымша арқылы тегін тіркелуге кеңес береді. Ол ұшуға 30 күн қалғанда ашылады, 40 минут қалғанда жабылады.
Мақпал Бейбітжанқызы, «Flyarystan» әуе компаниясының стандарттар бойынша менеджері:
Біздің жолаушылар кезекте тұрмас үшін және бір уақытта 4-5 рейстің жолаушыларына қызмет көрсету үшін және қызметкерлердің жұмысын жеңілдету үшін жасалынған шара бұл.
Соңғы жылдары дүниежүзілік лоукостерлер әуежайдағы ақылы тіркеу тәжірибесін кеңінен пайдалана бастаған. Ол жолаушыларға онлайн-тіркеуден өтуді үйретіп, әуе компанияларының оңтайлы жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Биыл FlyArystan заманауи iJan терминалдарын енгізумен қатар, әлемдік «Скайтрекс» рейтингінің 4 жұлдызына ие болған.
Ләззат Нәбиева, «Flyarystan» әуе компаниясының баспасөз хатшысы:
800 критерий бойынша әуе компания жұмысы бағаланды. Қазіргі таңда дүние жүзі бойынша 12 лоукостер осындай 4 жұлдызға ие. 5 жұлдызды лоукостер жоқ. Біз келешекте 5 жұлдызды лоукостер бола аламыз деп сеніп отырмыз.
Жуырда әуе компания Airbus зауытынан 3 су жаңа ұшақ сатып алған. Келер жылы олардың санын 19-ға жеткізу көзделіп отары. Мақсат - әуе билетінің құнын өсірмей, жаңа бағыттарға қатынайтын рейстер ашу.
Нұрсұлтан Тілектес