Жетісу облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

28.12.2022

Жетісу облысының Қапал ауылында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. 20 жылдан кейін қайта жаңғырған сауда-саттық шарасында тұрғындар өз үйінде өндірген тауарларын сөреге шығарды. Мұндағы мақсат мереке қарсаңында азық-түлік бағасын тұрақтандырып, сатушы мен сатып алушының қажетін өтеу.

Кәсіпкер Нұржанел Ердәулет Қапал ауылында табиғи сабын өндірісін қолға алған. Қазір үйінің шағын цехында сабынның 6 түрін жасап, халыққа ұсынып отыр. Тұрмысқа қажетті затты химиялық қоспасыз, үйдегі төрт түліктің өнімінен, бал мен шипалы өсімдіктерден жасайды.

Нұржанел Ердәулет, кәсіпкер:

Жылқының майынан жасаймыз. Бұл дененің қышынуына, қотырына пайдасы бар. Бұл өзіміздің Қапалда жасалған жақсы өнім. Өз қолыммен жасаймын бәрін. Мұның сертификатын дайындатып, Үкіметке тексертіп, бірақ шығарып жасап отырмын.

Ет сүт өнімдері, табиғи бал, ауыл шеберлерінің қолынан шыққан аяқ киім мен ұлттық нақыштағы киім-кешек, көрпе-жастық сөреден өз орнын тапты. Мереке қарсаңында халық дастарханға қажет дүниесін қаладан іздемей өз ауылынан тапқанына риза.

Күлғайша Оразбекова, ауыл тұрғыны:

Мен май алдым, сыр алдым. Бағалары жақсы. Арзандатып сатып жатыр бәрін. Арзан, дүниенің бәрі жақсы.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Жалпы Қапал ауылының тарихы тереңде жатыр. Ал сауда-саттық тұсына келер болсақ бұл жермен Жібек жолының бір тармағы жүріп өткен. Сондай-ақ, әйгілі зерттеуші Шоқан Уәлиханов Қажқарияға сапарында өзінің керуенін осы ауылдан жасақтаған.

Қапал ауылында ертеректе де сауда-саттық қызу жүрген. Себебі 19 ғасырдың аяғында бұл жерде ауылшаруашылығы өнімдерін өндіріліп, атақты Қоянды жәрмеңкесіне жіберіліп тұрған. Игі дәстүр әлі де жалғасатын болады, дейді ұйымдастырушылар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу